«Астана LRT» ісі: мемлекетке келтірілген шығын миллиардтан асып кеткен
«Астана LRT жобасы бойынша мемлекетке келтірілген шығын миллиард теңгеден асып кеткен», –деп мәлімдеді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Екінші департаментінің басшысы Сергей Перов.
«Қазір тергеу ісі жүріп жатыр, бірқатар сараптамалар бітуге таяу. Нұр-Сұлтан қаласындағы жеңіл рельсті көлік құрылысының шығыны бірнеше есеге артып, бір млрд теңгеден асты. Бүгінгі таңда осы іс бойынша алты адам, оның ішінде, әкімдіктің төрт лауазымды тұлғасы күдікті деп танылды. Олар әкімдікте бұрын лауазымды қызмет атқарған тұлғалар. Тергеу нәтижелері бойынша, біз брифинг өткізіп, халыққа нәтижесін хабарлаймыз», – деп уәде берді Сергей Петров.
Департамент басшысы қазіргі кезде сот-экономикалық және сот-құрылыс сараптамасы жүргізіліп жатқанын нақтылап өтті. Құрылыс бойынша орындалған жұмыстардың көлемі тексеріліп, сәйкесінше, экономикалық сараптамалардың нәтижесінде, келтірілген шығын көлемі есептелмек.
Перовтың айтуынша, тергеуге осындай сараптамамен айналысатын жеке компания мамандары мен Ұлттық банктің сарапшылары тартылған.
«Бәрі тексеріліп жатыр. Әзірге тергеу жұмыстары қаржы жымқыру баптары бойынша жүргізіліп жатыр, тексеру нәтижесінде, оның нақты қандай қылмыстық іске жататыны анықталады. Біз бір ай ішінде сараптама жұмыстарын толық бітіріп, нәтижесін жариялаймыз. ЛРТ – 100 пайыз әкімдіктің еншілес кәсіпорны, сондықтан лауазымды тұлғалардың да жауапкерлігіне баға беріледі. Күдікті Ардан («Астана LRT» ЖШС басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Ардан. – «Курсив») жасырынып жүр, оған халықаралық іздеу жарияланған. Қалған күдіктілермен жұмыс істеп жатырмыз. Олар ұсталған жоқ. Олар күдікті деп танылып, тергеу жүргізіліп, көзбе-көз жауап алынуда. Ал Арданды Интерпол іздеп жатыр», – деп түйіндеді спикер.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласындағы жеңіл рельсті көлік құрылысына жауапты лауазымды тұлғаларды тексеріп, тергеу ісін жетелдетуді тапсырған еді.