Өзбекстан әлеуметтік саланы қолдауға бет бұрды
Бюджетті жоспарлау жөніндегі кеңесте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев «2020 жылы әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы көлемі артады» деп мәлімдеді.
Өзбекстан Республикасының Қаржы министрлігі ұсынған жобаға сәйкес, алдағы жылғы бюджет тапшылығы 3,4 трлн сумды құрайды ($360 млн). Бюджет кірісі –158,9 трлн сум ($16.8 млрд) болса, шығысы 162,3 (17,1 млрд) сумды құраған. Тапшы қаржының орнын мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару, халықаралық қаржы ұйымдарынан несие алу және мемлекеттік қордағы қалдық қаржымен толтырмақ.
2020 жылы әлеуметтік бағыттағы бірқатар салаларға бөлінетін қаржы көлемі артады. Мәселен, денсаулық саласына жұмсалатын қаржы 18 пайызға көбейсе, білім беру саласында – 10 пайызға, ал ғылымды қолдауға жұмсалатын қаражат 1,5 есе артады. Сонымен қатар, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінетін ақшаны 30 пайызға көбейту жоспарланса, балалар спортын қаржыландыру 3 есе өседі.