Ресурстар

Жұмысшы жастар тұрғын үймен қашан қамтамасыз етіледі?

Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бірде-бір жас маман пәтер алмаған

Мәжілісте өткен үкімет сағатында депутат Құралай Қаракен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы жұмысшы жастар қашан баспанамен қамтылатынын сұрады. 

«Бұл тапсырма жыл басында берілген. Жалдамалы тұрғын үй салу мен сатып алуға қажетті қаражатты жергілікті әкімдіктер сәуір айында бөлді. Осы үйлер қандай тәртіппен берілетіні тамыз айында ғана бекітілді. Енді екі айдан соң, жыл бітетінін ескерсек, еліміздің 3 ірі қаласындағы жұмысшы жастар қашан пәтер кілтін алады?», – деген сауал тастады депутат. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, жастар жыл соңына дейін  жалдамалы үйлердегі пәтерлердің кілтін ала бастайды. 

«Сондықтан әкімдіктерге қайталама нарықтағы үйлерді сатып алуға мүмкіндік беретін өзгеріс енгіздік. Өйткені жаңадан салып үлгермес едік. Биыл бір бөлігінің кілті беріледі. Өтініштер келіп түсіп жатыр, Алматы қаласы бойынша 200 өтініш келіп түскен. Келер жылы жақсы көрсеткішке жетеміз деген ойдамыз», – деді министр. 

Сонымен қатар, Құралай Қаракен пәтер алу үшін талап етілетін табысты жастардың қалтасы көтермейтінін, оны төмендету мәселесін қарастыру қажеттігі туралы да айтып өтті.

«Бұл бастамасы ғана. 15 мың теңге көлеміндегі ай сайынғы төлем белгілі бір есептеулерге сүйене отырып анықталған еді. Біз бұл соманы төмендетуге дайынбыз», – деді Абаев.