Ресурстар

Экстремизмді жақтайтындардың қатары 20 мыңнан асқан

Олардың басым бөлігі оңтүстік, батыс және орталық Қазақстанда шоғырланған

Қазақстанда деструктивті ағымды ұстанатындардың саны 20 мыңнан асады, деп мәлімдеді ҚР ҰҚК терроризмге қарсы күрес орталығы басшысының орынбасары, ҰҚҚ полковнигі Сергей Швейкин. 

«Біздің бағалауымызша, деструктивті ағымды ұстанатындардың саны 20 мыңнан асады», – деді Швейкин дінтанушылардың ІХ форумында. 

Оның айтуынша, экстремистік діни ағымды ұстанатындардың басым бөлігі еліміздің оңтүстігінде (Түркістан облысы мен Алматы қаласы), батысында (Атырау және Ақтөбе облыстары), сонымен қатар, орталығында (Қарағанды облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы) тұрады екен. 

ҰҚҚ өкілі радикалды насихаттың ықпалына негізінен «жеке  көзқарасы қалыптаспаған, діни сауаты жоқ, жастық максимализмі басым» жастар түсіп қалады деп тұжырымдайды. Маманның дерегіне сүйенсек, «Әл-Каидамен» байланысты топтардың қатарынан табылу үшін қазақстандықтар ең алғаш рет 2008 жылы Ауғанстанға өтіп кеткен. 

«2013 жылдан бері экстремистік бағытты ұстанғандардың негізгі бөлігі Сирия мен Иракка аттанды. Осы кезеңге дейін шетелге 800-ге тарта Қазақстан азаматы өтіп кеткен. Олардың басым бөлігі сол жақта қаза тапты. Бір бөлігі осы елдерде ұсталып, Отанына жер аударылды»,– деді спикер. 

Оның айтуынша, Қазақстан азаматтары ДАИШ пен Әл-Каида, Ислам жиһад одағын қоса алғанда, бүкіл халықаралық террористік ұйымдардың құрамында жүр. Қарулы жиһадқа шығып кеткен Қазақстан азаматтарының басым көпшілігі деструктивті идеологиялық ағым жетегінде болған.

Швейкин арнайы қызмет өкілдерінің басты міндеті ел бойынша діни ахуалды тұрақтандыру екенін айтып өтті. Сонымен қатар, спикер Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруды жандандыру қажет деп санайды.