Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі (ОКҚ) брифингінде Қазақстанда браконьерлік үшін жазаның қаншалықты күшейтілгені туралы айтып берді. Бұл турасында «Қазақпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі хабарлайды.
«Бұрын Қылмыстық кодексте ортақ норма болатын. Енді нақтыланған жеке нормалар болады. Біз мүлікті тәркілеу мүмкіндігіне ие боламыз. Жазаны күшейту жөнінлегі кешенді шаралар өз жемісін береді деген сенімдеміз. Браконьерлерді құрықтау кезінде олардан алынған аңшылық құралдары, атап айтқанда, мылтық, көлік, балта, рюкзактар мен басқа заттар тәркіленетін болады», – деді Ерлан Нысанбаев, заңға енгізілген өзгерістерді түсіндіру барысында.
Сонымен қатар, ол браконьерлік үшін жазаны күшейтудің басқа шаралары туралы да айтып өтті.
«ҚР Қылмыстық кодексіне орман, балық және жануарлар әлемі саласындағы заңдылықтарды бұзғаны үшін жазаны күшейту бойынша тиісті өзгертулер енгізіледі, бірінші кезекте, олар мүлікті тәркілеуді қарастырады. Бұдан бөлек, заңға қайша келетін әрекеттерге барған шетелдіктерді ел аумағынан бес жыл мерзіміне дейін тысқары шығару да қарастырылған», – деді сөзін нақтылай түскен Ерлан Нысанбаев.
Сондай-ақ оның айтуынша, заңға қайшы келетін аңшылық үшін қылмыстық іс қозғау бойынша шешім қабылдаудың белгілері кеңейтіліп, осы қылықтарға салынатын санкциялар да күшейтілді.
«Мәселен, бұрын бұл бап бойынша аңшылық жануарларды өлтіру үшін жарылғыш заттарды және басқа құралдарды, оның ішінде, қармен жүру көлігін және шағыын қайықтарды пайдаланып жасалғанда ғана жазаға тартуға болатын. Енді бұл бапқа оқ атыс қаруы, пневматикалық және суық қару, иттер мен аушы құстар қосылды. Браконьерлерді жазаға тартатын негізгі 339-бап та елелулі жетілдірілді. Жауапкершілік те неғұрлым қатал болатын болды. Егер бұрын осы бап бойынша заңдылықты бұзғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылатын болса, енді ол 12 жылға дейін көтерілді. Заңды жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғасын табатын болады», – деді сөзін түйіндеген Ерлан Нысанбаев.
Естеріңізге салсақ, президент Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылғы 2-қыркүйектегі өзінің Қазақстан халқына жолдауында браконьерлік үшін жазаны күшейтуді тапсырған болатын.
«Жақында орын алған қайғылы оқиғалар браконьерліктің ұйымдасқан қылмыстың қауіпті формасы ретіндегі бетпердесін ашты. Үкіметке екі ай ішінде тиісті заңдылықты қатайту бойынша қажетті шаралар қолдануды тапсырамын», – деген еді сол кезде президент.