Үкімет Арыстағы құрылысқа тағы да қаржы бөледі
Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат бөлу туралы қаулы ашық нормативтік-құқықтық актілер сайтында жарияланған.
Аталмыш құжатта: «Түркістан облысының Арыс қаласындағы жаңа тұрғын алабына инженерлік инфрақұрылым жүргізу үшін 2019 жылға арналған республикалық бюджетте Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен шұғыл шығындарға көзделген 831 046 000 (сегіз жүз отыз бір миллион қырық алты мың) теңге сомасында нысаналы даму трансферттері түрінде Түркістан облысының әкімдігіне аудару үшін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму және Энергетика министрліктеріне қаражат бөлінсін», – деліген.
Оған қоса, Қаржы министрлігіне бөлінген қаражаттың нысаналы пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз ету, ал Түркістан облысының әкіміне 2019 жылғы 1-желтоқсанға дейінгі мерзімде бөлінген қаражаттың нысаналы пайдаланылуы бойынша ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне және Қазақстан Республикасының энергетика министрлігіне есеп берілуі тапсырылады.
Бұл қаулы Премьер-Министр Асқар Мамин қол қойған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. Жария талқылау 2019 жылдың 19 қарашасына дейін жалғасады.
Атап айтқанда, Темірлан-Арыс-Шардара облыстық маңызы бар автомобиль жолының бойынан (Дендросаябақ маңынан) жаңа тұрғын ауданына инфрақұрылым жүйелерін жүргізудің 1-кезеңі үшін – 153, 18 млн теңге, ал екінші кезеңі үшін 677, 87 млн теңге бөлінбек.