Елімізде ең төменгі күнкөріс шегі –32,2 мың теңге

Жарияланды
Көш басында Маңғыстау облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары тұр

Қазан айында еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейі 32,2 мың теңгені құрады. Бұл көрсеткіш былтырғы қазан айындағы 28,6 мың теңгемен салыстырғанда, 12,4 пайызға өскен. Ең төменгі күнкөріс шегіне 3-4 мың теңге қосылғанымен, осы аралықта түрлі тауарлар мен азық-түлік бағасы 5,5 пайызға қымбаттады деп жазады Finprom.kz

ҚР ЭМ Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, әлеуметтік-демографиялық топтар бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейі төмендегідей: 13 жасқа дейінгі балалар үшін — 28,1 мың теңге, 18 жастан асқан ерлер үшін — 37,8 мың теңге, 18 жастан асқан әйелдер үшін – 30 мың теңге, зейнеткерлер мен қарттар үшін –29,8 мың теңге.

Ал аймақтар бойынша қарастырсақ, ең төменгі күнкөріс деңгейінің ең жоғары мөлшері Маңғыстау облысында  – 39,5 мың теңге, бұл көрсеткіш орташа республикалық мәннен 22,8%-ға артық.

1_60.png

Алғашқы үштікке Нұр-Сұлтан және  Алматы кірген, бұл қалаларда ең төменгі күнкөріс деңгейі, тиісінше 37,2 және 35,5 мың теңгені құрады. Елордадағы ең төменгі күнкөріс деңгейі республика бойынша орташа мәннен 15,6%-ға, ал «оңтүстік астанада» –10,2%-ға артық. 

Ең төменгі күнкөріс деңгейінің ең аз мәні Павлодар облысында тіркелген – 28,3 мың теңге. Ол орташа республикалық мәннен 11,9%-ға кем. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстары да аутсайдерлердің қатарында. Аталған облыстарда ең төменгі күнкөріс деңгейі – 28,9–29,4 мың теңге шамасында. 
ҚР Статистика комитетінің анықтамасы.

23_3.png

Ең төменгі күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетiнiң құнына тең, бір адамға арналған ең төмен ақшалай кiрiс. Ең төмен тұтыну себетi адамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тамақ өнімдерінің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің заттай және құн түріндегі ең төмен жинағын білдіреді. Ол азық-түлік себетінен және азық-түлік емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығыстардың тіркелген үлесінен тұрады. Ең төмен күнкөріс деңгейін есептеуге арналған аз тұтынылатын азық-түлік емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығыстардың үлесі ең төменгі тұтыну себеті құнының 45 пайыздық мөлшерінде белгіленген.

Сондай-ақ оқыңыз