Қазақстандықтарға әлеуметтік сақтандыру қорынан 162 миллиард теңге төленді
Биыл 10 ай ішінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы азаматтарға жалпы сомасы 162,1 млрд теңге көлемінде төлем жүргізілді, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Жүктілік пен босану, бала асырап алу бойынша әлеуметтік төлем 65,1 млрд теңгені құраса, бір жасқа дейінгі бала күтімімен отырған аналарға 74,2 млрд теңге төленген. Ал денсаулығы еңбекке жарамай қалған кісілерге – 11,4 млрд теңге, асыраушысынан айырылғандарға – 7,8 млрд теңге, жұмыссыз қалған кісілерге 3,6 млрд теңге төленген.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала асырап алуға байланысты төленетін төлемдердің орташа мөлшері 424 063 теңгені құрады, мұндай төлемді 164 мың қазақстандық алған.
Бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 30 925 теңгені құрап, оны 395 мыңға жуық ана алып отыр.
Осы 10 ай ішінде жұмысынан айрылған 54,7 мың адам әлеуметтік жәрдемақы алған, оның орташа мөлшері 22 631 теңгені құрапты.
Сонымен қатар, 46,6 мың адамға асыраушысынан айырылуына байланысты төлем төленген, оның орташа мөлшері 17 628 теңгені құрады. Тағы 85,3 мың азамат еңбек қабілетінен айрылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақы алды. Оның орташа мөлшері 14 860 теңгені құрады.
Айта кетсек, Қазақстанда жұмыс істейтін халықты әлеуметтік қорғаудың қосымша тәсілі ретінде міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілген. МӘСҚ міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын алушыларға: мүгедектігі бар адамдарға, асыраушысынан айырылған отбасыларға, жұмысынан айрылған азаматтарға, жүктілігіне және жүкті әйелдердің босануына, бір жасқа дейін бала күтіміне байланысты үйінде отырған аналарға төлем жүргізуді қамтамасыз ететін әлеуметтік маңызды функцияларды атқарады