Депутат: Борышкерлердің шетелге шығуын шектеуді алып тастау керек

Жарияланды
Есесіне, төлем қабілеті төмен азаматтарға несие берген банктерге қойылатын талапты қатайту қажет

Жеке банктердің борышкерді іріктеу кезінде жіберген қателігі үшін азаматтардың еркін-жүріп тұруы шектелмеуі керек. Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаевқа депутаттық сауал жолдаған Ирина Смирнова осылай деп тұжырымдайды. 

Соңғы он жылда екінші деңгейлі банктерге жүйелі түрде көмек көрсетіліп келеді. Бұл әдет нарықтағы тәуекелді нақты бағалауға кері әсер етеді деп пайымдайды депутат.

Смирнова ханым өз сөзіне дәлел ретінде Moody’s рейтинг агенттігінің деректерін келтіріп өтті. Агенттік кейінгі кезде Қазақстанда бөлшек несие беру қарқын алып, соның салдарынан, дефолтқа ұшыраған борышкерлер қатары көбеюі мүкін деп мәлімдеген еді.

«Мұның бәрі – банк саласына қатаң бақылаудың жоқтығының, қаржы ұйымдарындағы әлсіз тәуекел-менеджмент пен халықтың қаржы сауатының төмендігінің белгісі. Пайдаға құныққан банктер төлем қабілеті бар қарыз алушыны несиесін өтей алмайтын немесе өтегісі келмейтін борышкерден ажырата алмайды», – деген депутат банктердің тәуекелді дұрыс бағалауы үшін, Ұлттық банкті қадағалау шараларын қатайтуға шақырды.

Сонымен қатар, несие бойынша қарызы бар кісілердің шетелге шығуын шектеуді алып тастауды ұсынды.

«Банк секілді жеке ұйымдардың қарыз алушыны іріктеу кезінде жіберген қетесі үшін жеке тұлғалардың еркін жүріп-тұруы шектелмеуі тиіс. Оған қоса, төлем қабілеті төмен қарыз алушыға несие беретін банктерге қойылатын талаптарды қатайту керек», – деді депутат.

Депутаттың пікірінше,  реттеушінің «банктердің бетінен қақпай, ығына жығыла беруі», әлеуметтік тәуекелді ушықтыра түседі.

«Реттушінің банк секторын бақылау мен қадағалауға қатысты әдіс-тәсілін өзгертетін уақыт жетті. Банктер өз тәуекелдерін дұрыс бағалай алуы қажет. Сонымен қатар, төлем қабілеті төмен азаматтарға несие таратудан бас тартпаған банктерге қойылатын талаптарды қатайту қажет»,– деп түйіндеді депутат.

Сондай-ақ оқыңыз