Инвестиция

KASE тізімі толығуы мүмкін

Қазақстан қор биржасына ресейлік екі банк қызығушылық танытып отыр

Ресейдің ірі 2 банкі Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттыққа қызығушылық танытып отыр деп мәлімдеді баспасөз-жиынында KASE Басқарма төрағасының орынбасары Андрей Цалюк.

Шетел валютасы нарығындағы сауда-саттық көлемі 842,4 млрд теңгеге жеткен,  бұл өткен айдағы көрсеткіштен 12,3%-ға немесе 92,4 млрд теңгеге артық. Бұл ретте рубльмен жүргізілген сауда-саттық көлемі юань және еуромен салыстырғанда, біршама өскен.

«Қазақстан нарығында рубль жетіспейді. Екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі артып келеді, сондықтан импорттық келісімдерді доллармен емес, рубльмен жасаған тиімді. Осы ретте Ұлттық банк пен биржа отандық нарықты рубльмен қамтамасыз ету шараларын қолға алды», – деп түсіндіріп өтті Андрей Цалюк.

Өткен аптада Қазақстан қор биржасы Мәскеу қаласында KASE Day шарасын ұйымдастырыпты. Отандық сауда алаңын биржа басшысы Алина Алдамберген және оның орынбасары Наталья Хорошевская таныстырған.

«Біз ТМД елдерін аралап, шетелдік ойыншыларды биржаға қашықтықтан қатысуға шақырамыз. Қазіргі кезде Ресейдің екі ірі банкі Қазақстан қор биржасына қызығушылық танытып отыр. Олар биржа тізіміне еніп, делдалсыз баға белгіленімін ұсына алады», – дейді Басқарма төрағасының орынбасары.

Ресей заңы өз банктеріне бағалы қағаздар нарығында клиенттерінің мүддесін білдіруге, яғни брокер ретінде жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.