Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қарынова жоғары оқу орындарын қаржыландыру жүйесіндегі өзгерістер қандай нәтиже беретіні жайлы айтып берді.
«Қазіргі кезде жүргізілген зерттеулер нәтижесі жоғары білім сапасын өзгерту керектігін байқатады… Бұған дейін де, биыл 56 мыңнан астам грант бөлінгенін айтқанмын, яғни, конкурс бойынша, бір орынға 1,2 адамнан келген. Яғни, грантқа құжат тапсырған әр түлектің оқуға түсуіне мүмкіндік болды», – дейді ол.
Алайда шенеунік мұндай жағдай жоғары оқу орындарындағы білім сапасын арттырмайтынына сенімді.
«Біз грант болуы тиіс, алайда грант құнын арттыра отырып, санын қысқарту керек деген ойдамыз. ЖОО-ларды тікелей қаржыландыру негізінен, грант арқылы жүзеге асырылады, ал қазіргі кезде қаржы тапшы. Білім ордаларының материалдық-техникалық дамуы, оқытушылардың жалақысын көтеру бұл параметрлерге сай келмейді. Сондықтан грант құнын арттыру ЖОО-лардағы жағдайды жақсартады», – деді спикер.
Осы ретте, шенеунік грант саны қаншалықты қысқарып, оның құны қалай көтерілетінін айтып өтті.
«Грант саны қаншалықты азаятыны жайлы нақты санды айтпаймын. Жалпы, бұл мәселе грант санын қысқарту тұрғысынан қарастырылып жатқан жоқ. Мәселе –жоғары оқу орындарында берілетін білім сапасын арттыруда. Осы бағытта жұмыс атқарылуда. Бұл мәселені арнайы мамандар зерттеп жатыр, соның нәтижесінде, гранттың қалай, қай бағытта қысқартылатыны жайлы хабарлайтын боламыз. Грант құны берілетін білім сапасына сай болуы тиіс. Осы бағытта сараптама жасалып, атқарылған жұмыстың қорытындысы шығарылады»,– деді вице-министр.