Ресурстар

ТМД елдерінің ІТ-қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығы туралы заң қабылданды

Бұл келісім кибералаяқтық туралы ортақ түсінік қалыптастыруға бағытталған

ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң қабылданды.

Келісім ІТ-саласындағы терминология мен ТМД мемлекеттері аумағында жасалған қылмыстық әрекеттер жайлы бірыңғай түсінік қалыптастырады. Сондай-ақ, түрлі іс-шаралар мен операцияларды бірлесе отырып жүргізу, маман даярлау және оқыту, ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен алмасу бойынша ынтымақтастық көзделеді.

Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы статистиканы келтіріп өткен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев аталмыш келімімді ратификациялау қажеттігін атап өтті.

«2019 жылдың 10 айында ақпарат және байланыс саласында 84 қылмыстық іс тіркелді. Сондай-ақ, өзге мемлекеттердің аумағында жасалған алаяқтық туралы 42 қылмыстық іс анықталды. Жыл басынан бері ІІМ органдары 18 мың заңға қайшы интернет-ресурсты анықтады»,– деді министр.

Келісімге 2018 жылдың қыркүйек айында Душанбе қаласында Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Тәжікстан елдері қол қойған. Ал Әзірбайжан, Түрікменстан, Украина және Молдова келісімнен тыс қалған. ҚР СІМ ақпаратына сәйкес,  аталмыш келісімді Өзбекстан мен Беларусь ратификациялап, қалған мемлекеттер мемлекетішілік рәсім жүргізуде.