Ресурстар

Қырғызстанда жемқорлыққа қарсы митинг өтті

Парламент ғимаратының алдына мыңнан аса адам жиналған

Бішкек қаласында қырғыздар жемқорлыққа қарсы митинке шықты. Парламент ғимаратының алдына «Билік – халыққа!», «Қамалсын!», «Ұрлама, ұрлатпа», «Туғанды биде иман жоқ», деп ұрандатқан 1,2 мың адам жиналған, деп хабарлайды Интерфакс агенттігі.

Демонстранттар Қырғызстан мемлекеттік кеден қызметінің  бұрынғы басшысы, атышулы журналистік зерттеудің бас кейіпкерлерінің бірі – Райымбек Матраимовты жауапкершілікке тартуды талап етуде.

«Бұл митингтің бастамашылары – жастар, олар әлеуметтік желілер арқылы ақпарат таратты. Бұл бейбіт акцияның билікке қояр басты талабы – кеден саласындағы жемқорлық пен   миллиондаған қаржыны жымқыру туралы журналистік зерттеудің бас кейіпкерлерінің бірі Райымбек Матраимовты жауапкершілікке тарту. Бұл жемқор жүйеге төзу мүмкін емес, ел жемқорлыққа белшесінен батты.  Құрылыс саласындағы сыбайластық, тау-кен саласындағы мафия, бүкіл жерді мафия кландары басып қалған. Олар заңды өз мүддесіне ғана пайдаланады. Ал күштік құрылымдар мемлекеттің қауіпсіздігімен емес, қоғам белсенділерін қамап, ізіне түсумен ғана айналысады», – дейді акцияға қатысушылардың бірі, Қырғызстан ОСК мүшесі Гүлнар Журабаева.

Оның айтуынша, митинг бастамашылары қарар қабылдап, оны ел Президенті мен парламентіне жібермек.

«Билік тарапынан ешқандай реакция болмаса, митингке қатысушылар бір айдың ішінде шеруге қайта шығуы мүмкін», – дейді  ол.

Осы митингке келген Қырғызстан парламентінің депутаты Дастан Бекешев бүгінгі акцияны қолдайтынын айтады.

«Шеруде айтылған ұрандардың бәрін қолдаймын. Бүкіл құқық қорғау орындарының басшыларын ауыстыру керек деген ойдамын. Өйткені журналистік зерттеу нәтижесі бойынша іс қозғалған, бірақ оны қалай жүргізетіні – үлкен мәселе. Журналистік зерттеуде көтерілген кедендік жүйедегі жемқорлық парламентте міндетті түрле талқыға салынады»,–  дейді депутат.