Ресурстар

«Ауыл» партиясы ел президентінің бастамасына қатысты пікір білдірді

Партия төрағасы жер онымен жұмыс істейтіндерге тиесілі болу керек деп санайды

«Ауыл» партиясы Қазақстан президентінің жерді тиімді әрі табысты пайдалануға қатысты мақсатын толық қолдайды. Бұл турасында «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының төрағасы Әли Бектаев мәлімдеді, деп хабарлайды «Қазақпарат» агенттігі.

«Өзінің жолдауында мемлекет басшысы жер ресурстарын тиімді пайдалану ісі өзекті мәселе болып қалатынына ерекеше назар аударды. Тікелей жер салықтарының  төмен деңгейі жағдайды мүлдем ушықтырып жіберді. Мемлекеттен жерді жалдау құқығын тегін алғандардың көпшілігі жерді, ол жерде жұмыс істемей, болашақта мол табысқа кенелу үшін ұстап отыр. Елімізде «латифундистер» деген топ пайда болды. Олар жерді не өздері пайдаланбайды, не өзгеге бермейді. Сондықтан пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет иелігіне қайтаруға кірісу қажет. Жер – біздің ортақ байлығымыз, ол сол жерде жұмыс істейтіндердің иелігінде болу керек. Өз кезегінде, «Ауыл» партиясы осы мәселе бойынша  президенттің алға қойған мақсатын толық қолдайды», – деді Әли Бектаев «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының XVI есеп беру-сайлау съезінің барысында. 

Оның айтуынша, бұл ауыл шаруашылығы үшін өте маңызды мәселе. Бұл істе партияның өңірлік филиалдары қырағылық танытып, жергілікті атқарушы органдардан нақты мәселелерді көтеруді талап етулері керек. Соңғы жылдарда үкімет тиімді агорөнеркәсіп кешенін қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыс атқарды.

Естеріңізге салсақ, еліміздің астанасында «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының XVI есеп беру-сайлау съезі өтіп жатыр.