Қазақстандағы тек төрт өзен «нормативтік таза», деп аталды

Жарияланды
Атап айтарлығы еліміздегі 16 өзен мен 14 көлде «ластанудың жоғары деңгейі» тіркелген

Бүгін парламент тыңдауларында сенат депутаты Қайрат Қожамжаров еліміздегі су ресурстарының ластану мәселесін көтерді. 

Өз сөзіне дәлел ретінде, ол еліміздегі 139 су нысандарының ішінен тек 4 өзенді «нормативтік таза» деп атаған зерттеу мәліметтерін келтірді. Олардың қатарында, Атырау облысындағы Жайық, Шароновка, Қиғаш, Түркістан облысындағы Қатта-Бұғұн өзендері мен Каспий теңізі бар.

102 нысан «бірқалыпты ластану деңгейіне» жатқызылған: олар – 68 өзен, 17 көл, 14 су қоймасы және 3 арна. Ластанудың жоғары деңгейі 16 өзен мен 14 көлде тіркелген. Ал өте қатты ластанғандардың қатарында төрт өзен бар. Олар – Солтүстік Қазақстан облысындағы Красноярка және Ақмола облысындағы Ақсу, Қылшықты, Шағалалы өзендері мен Майбалық көлі.

«Ластанудың барлық жағдайлары өндірістік кәсіпорындардың қалдықтарымен, қалдыққоймалар мен пайдаланудан шығарылған шахталар мен кеніштердің компоненттерімен байланысты. Мәселен, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында 8 өзен тау-кен өндіру кешені кәсіпорындарының қызметі салдарынан, өндірістік қалдықтармен ластануда.  Көмірсутегі шикізатын өндіретін белсенді химикаттарды кеңінен пайдалану салдарынан,  Ақтөбе, Ақмола, Түркістан облыстарындағы жерасты суларының ластану қауіпі бар. Сонымен қатар, жерасты суларының қорына өзінен өзі ағып жатқан гидрогеологиялық ұңғымалар, яғни скважиналар елеулі зиян келтіруде. Есеп комитетінің аудиті осындай 1740 скважина анықтаған. Оларды жойып, консервациялау қажет», – деді парламентарий.

Сондай-ақ оқыңыз