Павлодарда Мемлекеттік кірістер департаментінің пара алған қызметкерлері сотталды

Жарияланды
Олар бизнеске қысым көрсетіп, сыра қайнататын зауыт иелерінен ақша талап еткен

Павлодар қаласының №2 қылмыстық сотында Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлеріне қатысты сыбайлас жемқорлық туралы істі қарау аяқталды. 

Департамент басшысының міндетін атқарушы Қуат Белгібаев ҚР ҚК 366- (пара алу) және 367-баптары (пара беру) бойынша  сотталып, сегіз жылға бас бостандығынан айырылды, сонымен қатар, ол өмір бойына мемлекеттік қызмет лауазымдарында болу құқығынан айырылды. Оның қарамағындағы Мұрат Жанғазин – берешекпен жұмыс істеу басқармасының басшысы, ҚР ҚК 366-бабы бойынша жеті жылға бас бостандығынан айырылып, сот залында қамауға алынды, өйткені бұған дейін ол үйқамақта болған еді. Жазаны олар минималды қауіпсіз колонияда өтейтін болады.

Сот Қуаныш Төлебаев жәрия еткен ақпаратқа сәйкес, сотталушылар 2018 жылғы қыркүйектен ағымдағы жылдың ақпанына дейін бизнеске қысым көрсетіп,  «Жана Роса» ЖШС-сына (Павлодар сыра қайнату зауыты) қатысты түрлі тексерулер жүргізіп отырған.

«Сотқа дейінгі тергеу барысында екі айыпталушы кінәләрін мойындады. Ақшалай қаражатты беруді тіркеген бейне жазбалар бар, онда 20-ақпанда Белгібаев $10 мың алған. Бір күннен кейін Жанғазин $5 мың алған және дәл сол күні Белгібаев тағы $10 мың, 700 және 240 мың теңге алып жатқан кезінде құрықталды», – деп хабарлады сот.

Бұдан бөлек, тергеу изоляторында Белгібаев қызметкерден өзіне телефон әкеп беруді сұрап, оған 100 мың теңге пара бермек болған. Сот Мемлекеттік кірістер комитетінің атына жеке қаулы шығарды. Сот қаулыны назарға алып, Комитетті болашақта мұндай құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырды.

Сондай-ақ оқыңыз