Ресурстар

Депутаттар мұғалімдердің еңбекақысын көтеруді қолдады

Окладтарды төрт жылда екі есе көтеру жоспарланып отыр

Мәжіліс депутаттары пленарлық отырыс барысында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

«Педагог мәртебесі туралы заң жобасы 19 баптан тұрады, ол жарты миллионнан астам педагогтардың жұмысын қамтиды. Жалпы, заң жобасы төрт бағытқа бөлінген. Бірінші – жүктемені қысқарту, екінші – педагогог қызметіне деген талапты күшейту, үшінші материалдық емес тетіктер және төртінші – ол материалдық ынталандыру», – деді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов

Мәселен, бірінші бағыт бойынша жаңа заң жобасында жаңа он ұстаным қарастырылған, олардың барлығы педагогтың жеке дамуына бағытталған. Педагогтардың жүктемесін қысқарту жөніндегі нормалар жеке қарастырылады. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін педагогтарды қызметіне тән емес жұмыстарға тартуға, олардан шамадан тыс көп есеп алуға, олардың жұмысына негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салынады. 

Ал екінші бағыт аясында педагогтың мәртебесі көтеріліп, осымен бір мезетте, оның қызметіне қойылатын талаптар да күшейеді. Сондықтан БҒМ басшысы атап өткендей, 2022 жылғы 1-қаңтардан жаңа заң жобасы педагог ретіндегі кәсіби қызметін жүзеге асыруға алғаш рет кірісетіндерден өздерінің кәсіби біліктілігін растауды талап ететін болады. 

Үшінші бағыт аясында материалдық емес ынталандыру тетіктері қарастырылған. Атап айтқанда, педагогтардың балаларына бала бақшалардан орын беру, сондай-ақ «Қазақстанның еңбегі сіңген педагогы» материалдық емес атағын беру, ауылдық жердегі педагогтардың еңбекақысына қосымша ақы төлеу және басқа да барлық әлеуметтік ынталандыруды сақтау қарастырылған.

«Алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысы екі есе артады. Әлбетте, бұл мәселе бойынша педагогтардың қауіптенуі де жоқ емес. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында бұл мәселе жалпы еңбекақыға қатысты болады және бұл жұмыс 1-қаңтардан басталады. Сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін төленетін ақы екі есе артады. Бұл 182 мың педагогты қамтиды. Сонымен қатар, барлық педагогтар үшін еңбек демалысы 56 күнге дейін ұлғаяды. Қазір олар бар-жоғы 42 күн демалады», – деп түйіндеді министр.

Өз кезегінде, бейінді комитеттің қорытындысында заң жобасы педагогтардың нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа дейін қысқартуға, оларды күтпеген тексерулерден және олардың қызметіне тән емес жұмыстарды орындаудан қорғауға, жұмыс істеп жатқан педагогтарды ынталандыруды (материалдық жәнематериалдық емес нұсқаларын) белгілеуге, сондай-ақ жастарды мамандыққа тартуға бағытталған деп көрсетілген. 

Алайда талқылау барысында мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан осы құжаттағы кейбір сәйкессіздіктерді атап көрсетті. Әңгіме педагогтарды өздеріне тән емес жұмыстарды атқаруға тартатын екі нормаға қатысты, жаңа заң жобасында ол үшін, тіпті, жауапкершілік те қарастырылған. Солай десек те, заң жобасындағы баптардың бірі педагогтарды қоғамның әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуына атсалысуға міндеттейді. 

«Бұл екі норма бір біріне қайшы келеді», – деді мәжілісмен. 

Әріптесіне палат спикері Нұрлан Нығматулин қолдау білдірді. 

«Біз мұғалімдерді қайтадан қызметіне тән емес жұмыстарға салу қауіпіне ілінеміз. Мұғалім қайдағы бір шараларда емес, оқушылармен бірге болып, соларды оқытулары керек! – деді спикер Нұрлан Нығматулин.

Ол екі норманың бірі заң жобасынан алыну керек екенін атап өтті. 

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов депутатардың наразылығымен келісіп, екінші оқылымға дейін құқықтық сәйкессіздіктерді ретке келтіру жөнінде уәде берді.