Ресурстар

Халықтың тең жартысы табысының 45 пайызын азық-түлікке жұмсайды

Бағаны ауыздықтауға бағытталған жұмыс жүйесіз

Азық-түліктің қымбаттауы халықтың күнкөрісін қиындатып жіберді. Өйткені ел тұрғындарының тең жартысы тапқан табысының 45 пайызын тек азық-түлікке жұмсайтын жағдайға жеткен. Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров әріптестері атынан осындай пікір білдірді. 

Ол өз сөзіне дәлел ретінде, ТМД елдері Статистика комитеттерінің мәліметін  келтіріп өтті. Соған сәйкес, былтырғы желтоқсанмен салыстырғанда, Қазақстанда азық-түліктің қымбаттауы Тәжікстан, Молдова және Өзбекстаннан өзге ТМД елдерінің бәрін басып озған.

«Үкімет  азық-түлік бағасының  күздегі өсіміне қатысты жедел әрекет еттік деп санайды. Кінәлі лауазымды тұлғалар анықталып, жауапкершілікке тартылып, тағы да комиссия құрылды, азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін шұғыл шаралар қабылданып, осындай жағдайлардың алдын алу үшін ұзақ мерзімдік тетіктерді қарастырып жатқандарын мәлімдеді. Осы ретте, коммунистер үкіметтің бұған дейінгі атқарған тірлігі мен қолға алған шараларына сараптама жасады. Соған сүйене отырып, ақырында, оның бәрі қоғам үшін аса нәтижелі болмайды деп пайымдауымызға негіз бар», – деді мәжілісмен. 

Осы ретте, депутат бір жыл бұрын баға дәл осылай қымбаттаған кезде, тұрақтандыру қорындағы азық-түлік нарықтық интервенция үшін қолданылмады деп ақталғандарын еске салып өтті. 

Ал биыл тамыз айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына қатаң бақылау орнатылып және бағаның негізсіз өсуіне жол берілмейтінін мәлімдеген еді. Ал оған дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерін, сауда үстемелерінің мөлшерін белгілеуді қоса алғанда, бағаны реттеуге қатысты барлық алғышарты жасалғаны белгілі. 

Алайда Айқын Қоңыровтың айтуынша, жағдайдың оңалар түрі жоқ. Керісінше, тереңдеп барады. Қазіргі кезде осы мәселені шешуге жұмылдырылған мемлекеттік органдар мен бөлінетін ресурстың көптігіне қарамастан, қолға алынатын бүкіл тірлік пен атқарылатын іс-әрекет бытыраңқы және жүйесіз болып тұр. 

«Бағаның қымбаттауына дер кезінде көңіл аударылмады… Үкімет азаматтардың мүддесін қорғауға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қабілетсіз. Әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдар арасында азық-түлік бағасын тұрақтандыру функцияларын бөлу моделі іс жүзінде жұмыс істемейді, ешкім өз мойнына жауапкершілік алмайды.  Ал жекелеген лауазымды тұлғаларды жазаға тарту тұтынушылардың жағдайын жеңілдетпеніні анық», – деген депутат азық-түлік инфляциясын төмендетуге бағытталған ұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеу қажеттігін айтып өтті.