Қазақстанда үйдегі жендеттермен не істемекші

Жарияланды
Оларды психологтарға қарату ұсынылуда

Отбасы тұрмысы аясындағы қылмыс жасаушылық жылдан жылға өсіп барады. Мәселен, 2017 жылы осындай 446 қылмыс тіркелсе, 2018-жылы – 919, ал 2019 жылдың 9 айында 759 қылмыс тіркелген. Бұл турасында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәжіліс депутаты, ҚР президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова хабарлады.

Оның айтуынша, биыл полиция 58 мың қорғау нұсқамаларын шығарып, отбасы тұрмысы аясындағы құқық бұзушылардың мінез-құлқына 6 мыңнан астам ерекше талаптар белгілеген. 15 мың әйелге ақыл-кеңес беру бойынша көмек көрсетілсе, тағы 1,5 әйел дағдарыс орталықтарына орналастырылған. 

«Депутаттар тұрмыстық зорлыққа қарсылық көрсету туралы заңның жаңа редакциясын дайындады. Онда қорғау нұсқамасының мерзімін ұзарту (бұрын қорғау нұсқамасының мерзімі 10 күнді құраса, қазір ол 30 күнді құрайды. – «Курсив») ұсынылып отыр. Сонымен қатар, жаңа әдіс енгізу – құқық бұзушының өзіне арналған міндетті түзету бағдарламасы ұсынылып отыр», – деп хабарлады депутат.

Сондай-ақ ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әйелдер мен балаларға қарсы жасалған қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейту туралы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында «Отбасы тұрмысындағы зорлықа қарсылық көрсету туралы» заң жобасының дайындалғанын еске салды. Оны қарастыру барысында кейбір баптардың санкциялары депутаттар тарапынан күшейтілді. 

Атап айтқанда, құжатта балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық әрекеттер үшін – зорлау, балаларды азғыру және балаларды балалар порнографиясын дайындауға тарту –17-ден 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Ал жас балалар жәбірленген жағдайда  – 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылады. 

Заң жобасы әйелдерді зорлауды ауыр қылмыс деп таниды. Бұл зорлық жасаушылар жазаның ұзартылған мерзімін өтейді деген сөз. Атап айтарлығы, бұл қылмыстар бойынша жәбірленушімен татуласу нормасын қолдануға жол берілмейді. 

Сондай-ақ оқыңыз