Ресурстар

Қызыл Крестің Халықаралық комитеті Тоқаевқа үндеу жолдады

Комитет басшысы қазақстандық балалардың Ирактан қайтарылғаны үшін алғыс айтты

Халықаралық Қызыл Крест комитетінің (ХҚКК)  президенті Петер Маурер қазақстандық 14 баланы Ирактан қайтару жөніндегі гуманитарлық операцияны табысты жүзеге асыруға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жолдады. Бұл турасында Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

«Осындай күрделі мәселелерді шешу ісінде Қазақстанның «Жусан» операциясын табысты жалғастырып отырғаны бүкіл әлемге үлгі болуы тиіс», – деп жазған қайырымдылық ұйымының басшысы.  

Петер Маурердің хатында репатриация және реинтеграция мәселелерінде Қазақстан мен Халықаралық Қызыл Крест комитеті арасындағы ықпалдастықты нығайту, қақтығыс аймағынан оралған отбасы мүшелерін қауыштыру және адамдарға психологиялық қолдау көрсету қажеттігі айтылған. 

«Халықаралық Қызыл Крест комитеті өз мандаты аясында және гуманитарлық мақсатта Қазақстан Үкіметіне қолдау көрсетуге дайын. Таяу Шығыстағы қақтығыстарға қатысы бар ұсталған адамдармен жолығып, пікір алмасуға қуанышты болар едік. Біз Нұр-Сұлтан немесе Алматы қалаларында аталған күрделі мәселе жөнінде тәжірибе алмасу үшін осындай проблемаға тап болған басқа елдердің өкілдерімен кездесулер ұйымдастыруды ұсынамыз», – деп жазылған П.Маурердің хатында.

Бұдан бұрын, қазақстандық балаларды Ирактан қайтару жөніндегі жоспар туралы хабарланған болатын.

«Олардың аналары сол жақта сотталып, түрмеде отыр, балалар шешелерімен бірге болуға мәжбүр. Балалардың туыстары оларды Қазақстанға қайтаруға ниет білдірді. Сыртқы істер министрлігі ирактық билікпен бірлесіп, дипломатиялық арналар арқылы барлық күш-жігерін жұмсады, қазір балаларды Қазақстанға қайтару жөніндегі операцияны дайындап жатырмыз», – деген болатын ҚР СыртқыІсМинінің ресми өкілі Айбек Смадияров.