Биыл тексерілген 10 мың нысанның 3,5 мыңы террористік актілерден қорғау талаптарына сәйкес емес. Бұл турасында бүгін қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобасын талқылау барысында мәжіліс депутаты Татьяна Яковлева мәлімдеді.
«Бірінші кезекте, олар стратегиялық маңызды мемлекеттік нысандар, атап айтқанда, білім және денсаулық сақтау нысандары. Жыл сайынғы тексерулер анықталған кемшіліктердің баяу жойылатындығын көрсетіп отыр. Оның негізгі себебі – осы нысандарды қалдық принципімен қаржыландыру», – дейді депутат.
Қаржы министрі Әлихан Смайылов оған жауап жауап ретінде, күштік құрылымдардың антитеррорлық қорғанысқа бағытталған шығындары күштік органдардың бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі ретінде дайындаған тапсырыстарына сәйкес қарастырылады, дегенді алға тартты.
Бұған шенеунік үкімет тарапынан діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың бес жылдық бағдарламасы қабылданды дегенді қосты. Оны қажыландыруға 180 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Оның ішінде, 58 млрд теңге биылғы жылға бөлінсе, қалған жылдарға 36 млрд теңгеден бөлініпті.
Бірақ оның жауабы мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулинді қанағаттандырмады.
«Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі – ол не деген тәсілдеме, ақша сұраса біз береміз де сұарамаса – бермеймі бе? Олар антитеррорлық шараларды жүзеге асыруға міндетті, ал сіз оларды толық қаржыландыруға міндеттісіздер. Кім осыған бақылау жасайды? Барлығы солардың ниетіне тәуелді. Бұл мемлекеттік тәсілдеме емес. Кім осының барлығын қадағалайды?» – деп мәлімдеді спикер.
«Біз сізден қатаң бақылау орнатуды өтінеміз – халықты түрлі қауіптерден қорғауға ақша бөлінді. Ал бізде ондай талап болмаса, бұл іске ешкім байсалды түрде қарамайды. Тараздағыдай, іс насырға шапқанда, барлығы байбалам сала бастайды. Алдын алу шараларын қолдану қажет, оның үстіне, өздеріңіз көріп отырсыздар, осы мәселе бойынша әлемде қандай тұрақсыздықтың орын алып отырғанын», – деді спикерге қолдау білдірген депутат Гүлжан Қарағұсова.
Қаржы министрлігі басшысының сөзін түйіндеген Нұрлан Нығматулин оған осы мәселені шешуде өзіне жүктелген вице-премьер құзырын пайдалануды ұсынды.
«Сіздер үкіметте нақтылап анықтаңыздар: қаржыландыру бар, ал егер орталықтағы немесе жергілікті жердегі орган басшысы жауапкершілікті, қандай шара қолдану қажеттігін түсінбесе, көкесін көрсетіңдер, сіздер сол үшін үкіметте отырсыздар. Ақша бар, соны дұрыстап ұқсатыңыздар, сонда нәтиже болады», –деді Нығматулин.