Атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) дұрыс тағайындамаған халықты еңбекпен қамту орталықтарының 194 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов осындай деректер келтірді, деп хабарлайды Kursiv.kz. тілшісі.
Тағы үш басшы қызметінен босатылды. Қылмыстық жауапкершілікке 15 адам тартылған.
«Қазір екі іс бойынша шешім қаьһбылданып, тағы 13 материал қарастырылуда», – деді Нұрымбетов сенат қалтарысында.
Ол қателіктердің болғанын мойындады.
«Ол үшін арыздарды қабылдаған мамандар жазаланды. Біз бұл мәселені реттедік», – деді сөзін түйіндеген министр.
Министрдің айтуынша, әңгіме кейбір адамдардың ретін тауып, өздерінің табысын төмендету арқылы жәрдемақы алғаны туралы болып отыр. Атап айтарлығы, сол көмек алған адамдар керемет коттедждарда тұрған және қымбат көлік мініп жүрген.
Естеріңізге салсақ, ағымдағы жылғы сәуірде АӘК-ті төлеу жүйесі өзгертілді, оның ішінде, кедейшілік деңгейі күнкөріс мөлшерінің 40%-нан 50%-на дейін көтерілген-ді. Нәтижесінде, жәрдемақы алатын отбасылардың саны көбейді. Мәселен, былтыр АӘК-ті 111 мың отбасы алса, биыл олардың саны 450 мың отбасын құрады.