Тоқаев тұрғын үймен қамтамасыз етуді түбегейлі өзгертуді тапсырды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешуге қатысты қандай шаралар қолданып жатқаны туралы айтып берді.
«Тұрғын үй бойынша жағдайды түбегейлі өзгерту керек. Бұл мәселе үнемі біздің назарымызда болады. Тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы басымдылық. Сондықтан жақын уақытта қосымша шаралар қолданылатын болады. Үкімет «Бақытты отбасы» бағдарламасының тәжірибесін тұрғын үй кезегінде тұрғандардың бәріне қолдану мәселесін қарастырып жатыр», – деді Тоқаев мемлекеттік марапаттар мен әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтарды тапсыру рәсімінде.
Президент үкіметке 2020 жылы аталмыш бағдарламаны кеңейтуді тапсырғанын жеткізді.
«Басқаша айтқанда, өзіміздің азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне жіті көңіл бөлінетін болады. Бұл жұмыс жемісін беретін күн де алыс емес деп, ойлаймын», – деді сөзін нақтылай түскен президент.
Мемлекет басшысы биыл 4 мың аз қамтылған отбасылардың «Бақытты отбасы» бағдарламасының арқасында жылдық 2% -бен несие алып, қоныстойын тойлағандарын еске салды.
Жалпы, оның бағалауынша, қазақстандықтар қарапайым тұтынудан ақша жинақтауға көшудің қажеттігін түсіне бастаған.
Оны бүгінгі күні Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде 1,5 млн салымдардың ашылғаны да растайды. Әкімдіктердегі тұрғын үй кезегінде тұрған 526 мың адамның 200 мыңға жуығы ақша жинақтай бастаған. Бұл, мемлекет басшысы айтқандай, оларда өздерінің тұрғын үй мәселесін тез әрі тиімді жолмен шешу мүмкіндігі пайда болады деген сөз. Сонымен қатар, бала болашағын ойлаған ата-аналар олар үшін 180 мың балалар депозиттерін ашқан.