Қазақстан үкіметі 2020-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Бағдарлама 3 міндет пен 9 бағытты қамтыған.
«Алғашқы міндет – халықтың салауатты өмір салтын ұстануын қалыптастыру. Осы орайда, тұзды тұтыну – 31 пайызға, темекі шегу – 13,6 пайыз, ішімдік ішу 16 пайызға төмендейді. Дене шынықтырумен және спортпен айналысатын тұрғындардың үлесі 36 пайызға жетіп, балалар арасындағы ауру-сырқау 8 пайызға азаяды», – деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Ал екінші және үшінші міндет бойынша, азық-түлік сапасын арттыру, инфекциялық аурулармен күреске және жарақаттану мен жазатайым оқиғалар көрсеткішін төмендетуге, қатерлі аурулардың алдын алуға, балалар мен жастар денсаулығына, оның ішінде, менталді және репродуктивті денсаулыққа ерекше көңіл бөлінеді.
«Бағдарлама аясында медицина қызметкерлерінің жалақысын көбейту арқылы олардың мәртебесін өсіру қарастырылған. 2025 жылға қарай, дәрігерлердің жалақысы нарықтағы орташа айлықтан 2,5 есе жоғары болып, 505 мың теңгені құрайды. Ауылды медицина қызметкерлерімен қамтамасыз ету 13 пайызға артады»,– деді Біртанов.
Сонымен қатар, бағдарлама аясында педиатрия, оңалту және басқа медициналық қызметтерді кеңейту мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жетілдіру жоспарланған. Ал алтыншы бағыт ақпараттық жүйелерді дамытуды, бизнес интеллект құралдарын енгізуді, қашықтықтан көрсетілетін медициналық қызметті дамытуды, статистиканың жаңа тәсілдерін енгізуді көздейді.
Министрдің айтуынша, халықтың денсаулық сақтауға жұмсайтын қаражаты 39 пайыздан 27 пайызға төмендейді. МЖӘ бойынша инвестиция тарту арқылы, аймақтарда 19 заманауи көпсалалы аурухана салынады.
«Бағдарламаны жүзеге асыруға 3,48 млрд теңге қарастырылған.Оны жүзеге асыру нәтижесінде, денсаулық сақтау саласының ЖІӨ-дегі үлесі 5 пайызға жетеді», – деп атап өтті министр.