Шетелдік жұмыс күшін тартуға бөлінетін квота 40 пайызға қысқарады
2020 жылы шетелдік жұмыс күшін тартуға бөлінетін квота 40 пайызға қысқарады. 2015 жылдан бері 49 мың квота бөлініп келсе, 2020 жылы ол 29 мыңды құрайды. Бұл туралы Ұлттық кеңес отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
«Өткен айда менің тапсырмам бойынша, шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарда еңбек және көші-қон заңнамасының қаншалықты сақталатыны тексерілді. Осы уақыт ішінде 95 компания тексеріліп, 930 құқық бұзу дерегі анықталды. Олардың ішінде, кейбір шетелдік қызметкерлердің берілген рұқсатқа сай келмейтін жұмыс істеуі және атқаратын қызметіне алған білімінің сәйкес келмейтіні анықталды»,– деді Тоқаев.
Қалыптасқан жағдайды, құзырлы орган тексерісінің нәтижесін сараптай және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің ұсыныстарын ескере келе, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірқатар өзгертулер дайындаған.
«Біріншіден, 2020 жылы шетелдік жұмыс күшін тартуға бөлінетін квота едәуір қысқартылады. Қысқарту 40 пайызды құрайды. 2015 жылдан 49 мың квота берілсе, 2020 жылы 29 мың квота бөлінеді. Екіншіден, 30-ға тарта шетелдік маман шақырған, қызметкерлері 250-ден асатын кәсіпорындардың барлығында тұрақты түрде тексеріс жүргізіліп отырады. Енді еңбек министрлігі жалақы төлеудегі және жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайындағы теңсіздік сынды құқық бұзу деректеріне қатысты дер кезінде әрекет ете алады»,– деді мемлекет басшысы.