Әділет министрлігі «Стати ісіне» қатысты пікір білдірді

Жарияланды
Министрлік БАҚ-та таралған ақпарат жалған дейді

Әділет министрлігі Қазақстан мен молдавалық кәсіпкерлер Габриэль және Анатол Стати арасындағы Бельгияда өтіп жатқан сотқа қатысты пікір білдірді. 

«Осы аптада бірқатар электронды БАҚ-та шындыққа сай келмейтін ақпарат жарияланды. Атап айтқанда, «Бельгия соты Қазақстаннан 540 миллион доллар өтемақы өндіріп алу туралы молдовалық олигарх Анатол Статидің өтінішін қанағаттандырды» деген ақпарат жалған», – деп хабарлайды ҚР Әділет министрлігі. 

Бельгия бірінші инстациялық соты арбитраж шешімін Бельгия Корольдігі территориясында мойындау туралы мәселені қараған. Арбитраж сотының шешімі бойынша қандай да бір соманы өндіріп алу аталмыш сот процесінде қарастырылмаған. 

«Қаржы өндіріп алу мәселесі қарастырылатын арбитраж сотының шешімін орындауға қатысты сот ісі Бельгияның апелляциялық сотының құзіретінде. 2019 жылдың 3 желтоқсанында аталмыш сот Статидің алаяқтық жасағанын дәлелдейтін деректерді іс материалдарына қосу және тараптардың жаңа дәлелдерге қатысты қосымша өтініш беруі туралы шешім шығарды. Сол үшін Бльгия соты сот отырысын 2020 жылдың желтоқсанына шегерді», – делінген хабарламада. 

Сонымен қатар, Қазақстан істі арбитраж сотында  қарау барысында Стати тарабының фактілерді бұрмалағанын, сондай-ақ лауазымды тұлғаларды, оның ішінде қазақстандық мемлекеттік лауазымды қызметкерлерді жүйелі түрде «сатып алып» отырғанын анықтаған. Осы  деректер арбитраж сотының шешімін жоққа шығару үшін Швеция сот билігіне тапсырылған. 

«Бельгия мен өзге де елдерде өтіп жатқан сот барысында, арбитраж шешімін алаяқтық жолмен алғандықтан, Статиге бір теңге де төленген жоқ», – делінген хабарламада. 
 

Сондай-ақ оқыңыз