Ресурстар

Шымкентте 60 мектеп директоры тергеу абақтысына жіберілді

Оларды қамаудағыларды ұстау жағдайымен таныстырды

Шымкентте 60 мектеп директорларын ИЧ-167/11 мекмесіне (тергеу абақтысы) апарып, оларды қамаудағыларды ұстау жағдайымен таныстырды. Бұл турасында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық Департаментінің Превенция басқармасы хабарлайды.

«Шара мақсаты сыбайлас жемқорлық қылықтарының барлық ауыртпалықтары мен салдарларын көрсету, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа төзбеу мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Тергеу абақтысының аумағын аралау барысында шараға қатысушылар қамалғандарды ұстау тәртібімен танысты»,  делінген хабарламада.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіндегілер мұндай экскурсия өткізуге орта білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық қатерлеріне жасалған сараптама себеп болғанын айтты.

«Мониторинг нәтижесінде, аттестациядан, тестілеуден өту, лауазымға тағайындау мәселелерінде сыбайлас жемқорлыққа бару бейімділігі анықталды. Сараптама нәтижелері жедел шаралар өткізуге себеп болып, олардың барысында Білім басқармасы басшысы орынбасарларының бірі, сондай-ақ, бір қатар мектеп директорлары заңсыз сыйақы алу үстінде құрықталды», – делінген хабарламада.

Зерттеу және жүргізілген сараптама нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы органға тиісті ұсыным енгізілді.

«Түзету мекемелеріне апару тәжірибесін сыбайлас жемқорлыққа бейімділігі бар басқа салаларға да таратуды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Н. Қасымбеков. 

Ол мемлекеттік қызметшілер және квазимемлекеттік сектор қызметкерлер атына сыйлық немесе қызмет көрсету түріндегі заңсыз сыйақылар алғаны үшін, оның ішінде, келе жатқан мерекелер алдында, жауапкершілік тартатындары туралы ескерту жолдады. Жалпы, ағымдағы жылдың 11 айында Департаментте 58 қылмыс тіркелген.