Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бүгін үкімет отырысының кулуарында Министрлер кабинеті мүшелерінің Алматыда әуе апатынан қаза тапқандардың отбасыларына өтемақы төлеуді қарастыратын қаулыға дауыс бергенін айтты.
Министр Алматыда апатқа ұшыраған ұшақта қаза болғандардың отбасыларына алдағы күндері 4 млн теңгеден өтемақы төлеу туралы шешім қабылданғанын айтып өтті.
«Еңбекмині тиісті қаулыны әзірлеп, бүгін оған дауыс берілді. Бұл қаражат отбасы мүшесінің жеке шотына аударылады… Төлем мерзімі бойынша айтар болсақ, апат 27 желтоқсанда болды, 28 желтоқсанда өтемақы төлеу туралы шешім қабылданды, бүгін үкімет отырысында дауыс берілді. Бүгін бұл ақша Еңбек министрлігіне беріледі, біз оны тез арада туыстарының жеке шотына аударамыз», – деді Нұрымбетов.
Ал зардап шеккендерге өтемақы төлеу жөніндегі шешімді, министрдің айтуынша, ұшақ апатқа ұшыраған жер – Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдігі қабылдауы тиіс.
Бұған дейін Amanat сақтандыру компаниясы «БЕК ЭЙР» АҚ және зардап шеккен тұлғалар заң бойынша тиісті құжаттардың бәрін тапсырған соң, жеті жұмыс күні ішінде сақтандыру төлемдері аударылатын хабарлаған еді.
«Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес, денсаулығына зақым келген жолаушылар емделуге кеткен шығын көлемінде, 200 айлық есептік көрсеткішке дейін төлем алады. Апат нәтижесінде мүгедікке ұшыраған жолаушылар болса, оларға мүгедектік тобына байланысты 2 500-5 000 айлық есептік көрсеткіш аралығында төлем рәсімделеді. Қаза тапқан жолаушылар үшін 5 000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем қарастырылған», –деді сақтандыру компаниясының басшысы Ерғали Бегімбетов.