Ресурстар

Ақмола облысында әкім «аза тұту күні мейрамханаға барды» деген күдікке ілінді

Шенділер арнайы комиссия құрды

Ақмола облысы Ерейментау ауданының әкімі Абай Әлжанов жалпыұлттық аза тұту күні мейрамханада болған, деп хабарлайды KTK арнасы.

Жергілікті тұрғындарға сілтеме жасаған арна деректері бойынша, ол жаңажылдық корпоратив кешін ұйымдастырған. Әлеуметтік желілерде Аяз Ата мен Ақшақардың жергілікті шенділердің көңілін аулаған бейне жазбасы таралуда. 

Дереккөз хабарлағандай, көңіл көтеру мекемесі жергілікті депутатқа тиесілі екен. Сол күні мейрамханада болған 200-ге тарта адамның көпшілігін жоғары лауазымдағы шенділер құрапты.

Әлжанов телефон арқылы мейрамханаға туысының туған күніне барғанын мәлімдеген, бірақ аза тұту күні болғандықтан, бірден үйіне қайтқан.

Аталмыш шараның себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылған. 

Естеріңізге салсақ, Қазақстан президенті 2019 жылғы 28-желтоқсанды аза тұту күні деп жариялаған болатын. Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Bek Air авиакомпаниясының ұшағы 27-желтоқсанда таңертең апатқа ұшыраған болатын. Соның салдарынан, 12 адам қаза тапқан еді.