Екібастұзда 10 жыл бойы тұралап қалған оқу орнының құрылысы аяқталды

Жарияланды
Кеншілер қаласында отын-энергетика кешені мамандарын дайындайтын орталық ашылды

Оқу орталығының құрылысы 2009 жылы басталған болатын. Сұранысы жоғары мамандық иелерін оқытуы тиіс білім ордасын салуға мемлекеттік қазынадан 4,5 млрд теңге бөлінген-ді.

Алайда, жобалық-сметалық құжаттамада дренаждық жүйе қарастырылмағандықтан, нысанды пайдалануға бермей жатып-ақ ғимараттың жертөлесін су басты. 

Бұл олқылықтың орнын толтыруға бекінген бірнеше мердігер компания қанша тырысса да жағдайды түзете алмады. Сөйтіп, 40 мың шаршы метрді алып жатқан оқу орталығының аумағы соңғы 10 жыл бойы кезбелер мен қаңғыбастардың мекеніне айналды. Оған қоса, жергілікті тұрғындар құрылысы аяқталмаған ғимараттың есік, терезелерін ұрлап, қаңыраған қабырғалар ғана қалды. 

Ал өткен жылы Павлодар облысының әкімдігі отын-энергетика кешені мамандарының тапшы екенін ескеріп, құрылысты жалғастыруға бел буды. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 4,2 млрд теңге бөлінді.

Таяуда қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, жаңа жылда жаңа орталық есігін айқара ашты. Мұнда 700 студенттің теориялық-тәжірибелік білім алуы үшін 13 корпус салынды. Жеке оқу-өндірістік комбинат, 480 орындық жатақхана мен 100 адамға арналған қонақ үй, мәжіліс және спорт залдары бар. 

VNB_30-12-19_14-40(3)_0.jpg

«Қазіргі кезде тиісті лицензия алу жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Сонымен қатар, оқытушылық құрамды жасақтау бойынша шаралар жүргізілуде. Бізге студенттерге техникалық ағылшын тілінде сабақ бере алатын білікті мамандар керек. Жоспар бойынша, оқу орталығында барлығы 200 жаңа жұмыс орны ашылады. Осы жылдың 1-қыркүйегінде алғашқы студенттер қабылданады», – дейді Павлодар облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жомарт Қарамбаев

Айта кетсек, Екібастұз қаласындағы жаңа оқу орталығы ERG компаниясының басқаруына берілмек. Соның есебінен, облыс басшылығы бюджеттік шығындардың көлемін азайтуды көздеп отыр. 
 

Сондай-ақ оқыңыз