Өзбекстанда еңбекақы өсті
2019 жылы Өзбекстанда еңбекақы өсуі орын алды. Мұндай мәліметтерді Қаржы министрлігі өзінің «Салық реформасы: 2019 жылдың алдын ала қорытындылары» шолуында келтіріп отыр.
Ведомствоның ақпараты бойынша, елде жұмыс істейтін азаматтардың көпшілігі өткен жылы 1 млн сумға ($105) дейін еңбекақы алған. 2019 жылдың басында елде осындай табыс табатын халықтың саны 50,7%-ды немесе 1,8 млн адамды құраған болатын. Қарашада олардың саны 43,6%-ға (1,7 млн адам) дейін қысқарды.
Өткен жылғы қаңтармен салыстырғанда, 2 млн сумға ($210) дейін табыс табатын адамдардың саны 0,2%-ға өскен. Қарашада мұндай азаматтардың саны 27,7%-ды (1,1 млн адам) құраған. Сонымен қатар, 2019 жылы 4 млн сумға ($420) дейін табыс табатындардың саны да елеулі өсті. Егер 2019 жылғы қаңтарда олардың саны 16,8%-ды құраса, қарашада ол 20%-ға (806 891 адам) жеткен.
5,5 млн сумға дейін ($578) еңбекақы алатындардың да саны артқан. Өткен жылдың басында бұл көрсеткіш 2,6%-ды (96 549 адам) құраса, қарашада ол 4,3%-ға (172 464 азамат) тең болған.
Еңбекақысы айына 5,5 млн сумнан ($578) астам соманы құрайтындардың саны екі есе дерлік ұлғайған: қаңтарда олардың саны 2,4% (87 388 адам) болса, жылдың аяғында ондай адам саны 4,3%-ға (175 483 азамат) жеткен.
Қаржы министрлігінің ақпараты бойынша, еңбекақының өсуімен қатар, жеке тұлғалардың табысынан түсетін салықтар да екі есе дерлік артқан – 6,4 трлн сумнан ($673,1 млрд) 12,7 трлн сумға ($1,33 млрд) дейін.
Атап айтарлығы, ел президенті Шавкат Мирзияев 2020 жылы мемлекет алдында тұрған басты мақсаттардың бірі ретінде, халықтың нақты табысының өсуін белгіледі.