ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа қатысты пікір білдірді.
«Ағымдағы жылғы 15-қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа қатысты лауазымдық өкілеттерін асыра пайдалану фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 362 бабының 2-бөлімі 3-тармағына сәйкес тіркелген қылмыстық істің аясында жедел-тергеу шаралары жүзеге асырылды», – деп хабарлады ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі
Сонымен қатар, қазіргі таңда тергеу амалдарының жалғасып жатқаны хабарланды. Тергеу мүдделеріне сәйкес басқа мәліметтер жарияланбай отыр.
Естеріңізге салсақ, 15-қаңтарда әлеуметтік желілерде Болат Бақауов пен Арыстан Қабыкеновтың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасады деген күдікпен қамауға алынғаны және облыстық әкімдікте тінтулер жүргізілгені туралы ақпарат тараған болатын.