Бұл тұрғын үйлердің тұрғындары қыстың қақаған аязында күл шығарып, көмір тасып, от жағуға мәжбүр.
Күйбеңдеп күл шығарғандар
Павлодар ауданына қарасты Новочерноярка ауылындағы 4 қабатты үйдің тұрғыны Людмила Снобкова әр таңды күл шығарып, көмір, ағаш тасудан бастайды.
«Біз бірінші қабатта тұрамыз. Пештің мұржасы екінші, одан әрі үшінші және төртінші қабаттар арқылы өтіп, үйдің төбесінен сыртқа шығарылған. Жылытудың мұндай әдісі қауіп-қатер тудыратынын жақсы білеміз. Бірақ одан басқа амал қалмай отыр», – дейді ол.
Сонымен қатар, көмір мен ағаш бағасы қалтаға әжептеуір салмақ салады.
«Екі бөлмелі үйімізді жылыту үшін қыс бойы 3-4 тонна көмір сатып аламыз. Оған шамамен 60-70 мың теңге керек. Екі текше метр ағаштың бағасы – 15 мың теңге көлемінде. Осының барлығын есепке алсақ, отынға жұмсалатын шығын орталық жылу желісіне қосылған пәтерлердің коммуналдық төлемінен бірнеше есе асып түседі», – деп налиды тұрғын.
Бұл елді мекенде дәл осындай қиындықты көріп отырған отбасы көп. Новочернояркада 2, 4 және 5 қабатты 16 үйде, барлығы, 198 пәтер бар. Олардың 102-сінде тұрғындар от жағып, бүрсең қақпаудың амалын жасайды. Ал қалған 96 пәтер орталықтандырылған жылу жүйесі болмағандықтан, қаңырап бос тұр.
Қазандық салуға қаражат жоқ
Черноярка ауылдық округінің әкімі Ермек Тақтаулов ауылда қазандық салынса, пәтерлерге тұрғындар қоныстанады деген сенімде. Тіпті, жергілікті шаруа қожалықтары бос пәтерлерді өз жұмысшылары үшін сатып алуға әзір көрінеді. Бірақ ауылда қазандық салуға қазынада қаражат жоқ.
«Қазіргі уақытта тиісті жоба мен сараптама дайын. Жаңа қазандық салу арқылы 25 мың шаршы метр аумақты орталықтандырылған жылумен қамтымақ ойымыз бар. Яғни, көпқабатты үйлер, жеке секторлар, мемлекеттік мекемелердің барлығы жылу желісіне қосылады. Десе де, жобаны іске асыруға қажет 740 млн теңге облыстық бюджетте жоқ. Сондықтан жобадан жеке секторларды алып тастап, оны 500 млн теңгеге дейін арзандату керек болып тұр», – дейді ауыл әкімі.
Алайда мемлекеттік қазынадан 500 млн теңгенің өзі табыла қалуы неғайбыл.
«Бұл жобаның биыл қаржыландырылмайтыны анық. Себебі 2019-2020 жылдарға арналған бюджетке өзгертулер мен түзетулер енгізіліп, бекітілді. Енді 2020-2021 жылдарға арналған бюджеттік өзгерістер кезінде қарастыруға мүмкіндік бар», – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Александр Суслов.
Қауіпке бас тіккендер
Жалпы, Павлодар облысында, барлығы, 105 көпқабатты баспана иелеріне қоңыр күзден ерте көктемге дейін от жағуға тура келеді. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметі бойынша, ауылдық жердегі елді мекендерде екі-бес қабатты 64 үй жеке пештер арқылы жылытылады.
Ақсу қаласына қарасты Қалқаман кентінде 4, Павлодар қаласы мен оған қарасты ауылдық аймақта 37 көпқабатты баспанада орталықтандырылған жылу жүйесі жоқ. Сәйкесінше, тұрғындарға пеш орнатып, көмір мен ағаш сатып алып, бірінші қабаттан екінші қабатқа дейін мұржа тартудан басқа амал қалмайды.
Өкінішке қарай, жауапты сала мамандары жоғарыда аталған 105 тұрғын үйге қашан жылу желілері тартылатынын нақты айта алмады. Сондықтан павлодарлықтарға әлі де қолайсыз, ал ең бастысы, қауіпті жағдайда өмір сүріп, бастарын қатерге тігуге тура келетін түрі бар. Өйткені жағылатын пештен бөлек,бұл үйлерде тамақ пісіретін жеке газ плиталары бар екенін ескеретін болсақ, айтылған қауіп-қатердің еселене түсетіні айдай анық.