Павлодар облыстық соты облыстың бұрынғы әкімі Болат Бақауовты екі айға қамауға алу жөніндегі бұлтатпау шарасын қабылдау туралы қаулыны өз күшінде қалдырды.
«Бірінші инстанциядағы сот шешіміне шағым аппеляция алқасына түскен болатын. Қаулы өзгеріссіз қалдырылды», – деп хабарлады облыстық соттың баспасөз хатшысы Әнел Құсанова.
Болат Бақауов өзін үй қамаққа алуды өтінген еді, ал оның туысқандары бір миллион теңге сомасындағы кепіл ақша салған-ды. Қорғаушы тарап күдіктінің гипертониялық жағдайда екенін хабарлаған болатын. Бұдан бөлек, қоғамдық ұйымдардан аймақ басшысын тергеу кезінде бас бостандығынан айырмау туралы өтініш білдірілген қолдаухаттар келіп түскен-ді.
Бірінші сот инстанциясында оқылған айыптауға сәйкес, 2019 жылы «AksuTransLogistik» ЖШС-сінде жасалған кешенді салық тексеруінің нәтижелері бойынша 2014-2018 жылдар аралығында 200 млн. теңге сомасындағы ереже бұзушылықтар анықталған-ды. Кәсіпорын әкім туысының иелігінде. Тергеу нұсқасы бойынша, аймақ басшысы тексеру нәтижелеріне ықпал етіп, қосымша есептелінген соманы 3-5млн. теңгеге дейін төмендетуге талпынған.
Бұдан бұрын ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Болат Бақауовқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексі 362 бабының 4-бөлімі 3-тармағы – лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқанын растайтын ақпарат жариялаған болатын.
21-қаңтарда Әбілқайыр Сқақов Павлодар облысының әкімі болып, тағайындалды.