2019 жылы мемлекет қазынасынан 5 млрд теңге ұрланған

Жарияланды
«Тұтыну нарығы» бөлімінің редакторы
Оның басым бөлігі қазынаға қайтарылыпты

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші департаментінің аға тергеушісі Данияр Биғайдаров ведомствада өткен брифинг барысында бюджет қаражатын жымқыру фактілері туралы айтып берді.

«2019 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өндірісінде қаржы жымқыру фактілері бойынша 455 қылмыстық іс қозғалды, оның 192-і сотқа жіберілді (…). Осы қылмыстардан қазынаға келтірілген шығын бес млрд теңгені құрады. Қазіргі кезде соның 4 млрд теңгесі мемлекетке қайтарылды», – деді Биғайдаров.

Спикердің айтуынша, аталмыш қылмыстардың көпшілігі тендер бөлуге, заңсыз шарттар жасауға, орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қоюға, жалақыны және іс-сапар шығындарын заңсыз есептеуге байланысты болған. Бұл ретте, барлық салаларда қаржы жымқырылғаны анықталған. 

Агенттік мәліметтері бойынша, 2017-2019 жылдарда қызметтің өндірісінде әртүрлі салалар мен ұйымдардағы қаржы ұрлау фактілері бойынша 1,5 мыңға жуық сотқа дейінгі тергеу өткен. Олардың 85% -ы сотқа жіберіліпті. Бұл санаттағы қылмыстардан  үш жыл ішінде қазынаға келтірілген шығын 15 млрд теңгеден асып, оның 10 млрд-тан астамы өтелген. 

Сондай-ақ оқыңыз