ҚР Үкіметінің қаулысымен оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасы 2020 жылы 1 378 адам болып белгіленді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда, 653 адамға аз, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз-қызметі.
«Аталған қаулыны қабылдаудың мақсаты – ҚР Үкіметі белгілеген өңірлерде оралмандарды оңтайлы орналастыру. 2020 жылы квота былайша бөлінді: Павлодар облысына – 500 адам, Қостанай облысына – 350, Ақмола облысы – 258, Шығыс Қазақстан облысына –150, Солтүстік Қазақстан облысына –120», –делінген хабарламада.
Оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген адамдарға Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде субсидия беру түрінде қолдау көрсетілетін болады: көшуге – отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК (84,2 мың теңге) біржолғы төлем; тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін 12 ай ішінде отбасына 15-тен 30 АЕК (36,1-ден 72,2 мың теңге) беріледі.
Ал 2019 жылы 17,661 этникалық қазақ немесе 9993 отбасы тарихи отанына оралып, оралман мәртебесін алған.
Естеріңізге сала кетейік, 1991 жылдан 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін 313 256 отбасы немесе 1 057 280 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, оралман мәртебесін алған болатын.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи отанына көшіп келген отандастарды «оралман» емес, «қандас» деп атауды ұсынған еді.