ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстан аумағында коронавирустың тарауына жол бермеу және оның алдын алу шаралары жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің ресми сайты.
«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдан Қазақстан аумағына коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша шешуші ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырды», – деді А. Мамин.
Кеңес қорытындысы бойынша Үкімет басшысы келесі кешенді алдын алу шараларын қабылдауды тапсырды:
1. Мемлекеттік шекарадан өткізу бекеттерінде, оның ішінде әуе, автокөлік және темір жол көлігі нысандарында санитарлық-эпидемиологиялық және көші-қон бақылауын күшейту;
2. ҚХР-дан келген барлық адамдарға тұрғылықты мекенжайы бойынша медициналық бақылау орнату;
3. Эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда халыққа қажетті көмек көрсететін медициналық ұйымдардың дайындығын қамтамасыз ету;
4. Қытайға қызметтік іс-сапарларды шектеу, сондай-ақ жеке істер мен туристік мақсаттарда бармауға кеңес беру;
5. ҚХР-дан келетін транзиттік жолаушыларға ҚР аумағына 72 сағаттық визасыз келу режимін уақытша тоқтату;
6. «Қорғас» ШЫХО қазақстандық бөлігінің жұмысын уақытша тоқтату;
7. ҚХР аумағындағы қазақстандық азаматтармен оларға консулдық және өзге де көмек көрсету мақсатында жұмысты жандандыру;
8. Мемлекеттік органдар коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау жөніндегі іс-қимылды үйлестіру мақсатында ҚХР және басқа да мүдделі елдердің тиісті мемлекеттік құрылымдарымен қажетті өзара іс-қимылды ұйымдастыруы тиіс;
9. Қажет болған жағдайда ҚХР Ухан қаласында жүрген Қазақстан студенттері мен ҚР басқа да азаматтарын шұғыл эвакуациялауды қамтамасыз ету;
10. Премьер-Министрдің орынбасары Б. Сапарбаевтың төрағалық етуімен ведомствоаралық комиссия құру, оған Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылды.