Еңбек министрі ең төменгі еңбекақыны 72 мың теңгеге дейін көтеруді ұсынды
Қазақстанда ең төменгі еңбекақыны орташа еңбекақының 30%-на дейін көтеру керек, деп есептейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов. Бұл турасында ол 30-қаңтарда журналистерге мәлімдеді.
Қазіргі таңда республикадағы ең төменгі еңбекақы 42,5 мың теңгеге немесе 181 мың теңгені құрайтын орташа еңбекақының 23,5%-на тең.
«Мұның экономикадағы нақты қанша адамға қатысты болатыны, біздің ең төменгі еңбекақыны қандай мөлшерге көтеретінімізге байланысты болады. Әзірше, біз оны кезең-кезеңмен көтеру нұсқасын есептеп жатырмыз, 2023 жылға қарай, ол еліміздегі орташа еңбекақының 30%-дан кем емес сомасын құрауға тиіс. Біз ол кезге қарай, орташа еңбекақы, шамамен, 224 мың теңге болады деп болжап отырмы, ендеше, ең төменгі еңбекақы 72 мың теңге болуға тиіс», – деді Нұрымбетов.
Сонымен қатар, ол үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде президент те ең төменгі еңбекақыны көтеру қажеттігін айқанын атап өтті. Қазіргі таңда ұлттық экономика және еңбек министрліктері мұны қалай жүзеге асырудың жолдарын қарастырып, қажетті есептеулерді жүзеге асырып жатыр.
«Біз қазір ең төменгі еңбекақыны кезең-кезеңмен көтерудің нұсқаларын қарастырып жатырмыз. Неге есептейміз? Өйткені бюджет шығындары осыған байланысты. Біз ең төменгі еңбекақыны көтергенде, кесте бойынша бюджеттегі барлық қызметкерлердің еңбекақысы да көтеріледі», – деді министр.
Ең төменгі еңбекақаыны көтергенде, экономиканың барлық саласындағы еңбекақыдан салық салынбайтын ұстап қалулар да өседі. Бұл жеке табыс салығы бойынша бюджетке түсетін табыстың азаюына әкеліп соғады.
«Сондықтан біз осыны есепке алып, бірнеше нұсқа дайындап жатырмыз, содан кейін оны үкімет отырысында қарастырамыз. Ол кімге қатысты болады? Әлбетте, бұл түрлі сипатта біздегі 1,2 млн бюджет еңбеккерлеріне қатысты болады», – деді Нұрымбетов.
Ол білім беру жүйесіндегі еңбекақы 2020 жылғы қаңтардан 25%-ға көтерілгенін еске салды. Сонымен қатар, бұл жеке секторға да қатысты болады, атап айтқанда, жұмыс уақытының жиынтығын есепке алатын және разрядаралық коэффициенттер бар өндірістік кәсіпорындарына.
Министрдің пікірі бойынша, ең төменгі еңбекақының көтерілуі есебінен, қазақстандықтар бизнес тарапынан ұсынылатын тауарлар мен қызметтерге көбірек қаржы жұмсау мүмкіндігіне ие болады, нәтижесінде, кәсіпкерлер бюджетке төлейтін салықтар да көбейеді.