Коронавирус туралы жалған ақпарат таратқан адам ұсталды
Полицейлер елді дүрліктіріп, әлеуметтік желіде коронавирус туралы жалған ақпарат таратқан дәрігерді ұстады. Бұл турасында Polisia.kz хабарлады.
Аталмыш факт ҚР Қылмыстық кодексі-сі 274-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелген.
«Тексеру іс-шараларының алғашқы сағаттарында видеодағы ер адамның жеке басы анықталды. Ол – А. есімді азамат, 1980 жылы туған, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының орталық ауруханасында дәрігер-гинеколог болып жұмыс істейді. Қазір ол ұсталды. Дәрігер жалған ақпаратты тарату фактісін мойындап, шын жүректен өкінетінін айтты. Қазір аудандық полиция басқармасы тергеу іс-шараларының кешенін жүргізіп жатыр. Нәтижесінде, қылмыстық іс бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады», – деді Алматы облысы Полиция департаметінің бастығы Серік Күдебаев.
Сонымен қатар, полиция жалған мәліметтерді таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік туралы еске салды.
«Көп жағдайда кейбір азаматтар жалған мәліметтерді таратуға тыйым салынғанын білмегенін алға тартады. Бірақ заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Бұл аксиоманы әркімнің білгені жөн. Осыған байланысты, жұрт арасында негізсіз дүрбелең мен дүрлікпе тудырмау үшін мемлекеттік органдардың ресми хабарламаларын басшылыққа алуға және күмәнді дереккөздерінің ақпаратын таратпауға шақырамыз», – деді Серік Күдебаев.
Естеріңізге салсақ, ҚР ҚК 274 бабының 2-бөлігіне сәйкес, БАҚ және ақпараттық-коммуникациялар жүйесі арқылы жалған ақпарат таратқандарға 3 мың АЕК көлеміндегі айыппұл салынады, немесе олар сол көлемдегі түзету жұмыстарына, немесе 800 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылады, немесе 3 жылға дейін бостандығы шектеледі, не болмаса, осы мерзімге бас бостандығынан айырылады
Бұдан бұрын, Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық департаменті мен тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаменті мессенджерлерде таратылып жатқан бейнежазбаға қатысты пікір білдірген болатын. 30-қаңтардағы жағдай бойынша Алматы қаласынд а коронавирустың орын алу оқиғасы тіркелген жоқ.