Ресурстар

500-ден астам шетелдік маман Қазақстаннан тысқары шығарылды

Тексерулер барысында көші-қоң заңдылығын бұзудың мыңнан астам фактілері анықталған

Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов үкіметте өткен баспасөз мәслихаты барысында көш-қоң заңнамасын бұзу туралы айтып берді. 

«2019 жылдың екінші жартысында 30-дан астам шетелдік мамандарды тартатын 95 ірі кәсіпорындарда бас прокуратурамен бірлескен тексерулер жүргізілді. Тексерулердің қорытындылары бойынша көші-қоң заңнамасын бұзудың 1000-нан астам  фактісі анықталды, атап айтарлығы, 27 компания еңбекақы төлеуде теңсіздіктің 470 фактісіне жол берген», – деп хабарлады ол.

Тексеру нәтижелері бойынша қажетті шаралар қолданылды. 

«397 әкімшілік істер қозғалды, шамамен, 100 млн теңге сомасындағы айыппұлдар салынған, бұрын берілген 703 рұқсатнамалар кері қайтарлылды, 507 шетелдік мамандар елден тысқары шығарылған, олардың 250-і – Қытай, 43-і – Ұлыбритания, 40-ы – Албания және тағы басқа мемлекеттердің  азаматтары», – деді сөзін нақтылай түскен министр.

Өткен жылғы қарашада Біржан Нұрымбетов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің шетелдік мамандарды тартуға арналған квотаны қысқарту жоспары туралы айтып берген болатын.