Ресурстар

Ең жоғарғы және төменгі еңбекақыдағы айырмашылық неге үлкен?

Бұл көрсеткіш бойынша ЕАЭО арасында тек Қырғызстаннан ғана озып тұрмыз

Қазақстандағы ең төменгі жалақы көптеген елдердегі көрсеткіштен төмен, деп мәлімдеді үкіметте өткен баспасөз-мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов. 

«Кез келген елдегі еңбекақы көлемі осы елдің экономикасына тікелей тәуелді. Дегенмен әлемдік тәжірибеде мемлекет өзі белгілей алатын, ең төменгі еңбекақы  анықталатын жалғыз көрсеткіш бар, қалғанын нарық қалыптастырады. Дәл осы көрсеткіш бойынша Қазақстан көш соңында келеді», – деді министр. 

Сондықтан елімізде ең төменгі және орташа жалақы арасындағы алшақтық өте үлкен. 

«Қазіргі кезде ең төменгі еңбекақының орташа еңбекақымен арасалмағы 23 пайызды құрайды, бұл өте төмен көрсеткіш. Ол бойынша ЕАЭО арасында тек Қырғызстаннан озып тұрмыз. Оның үстіне, еңбекақы қорына түсетін салмақ та аса жоғары емес. Мысалы, Қазақстанда еңбекақы төлеу қоры  ЖІӨ-нің 30,5%-ын құраса, ал Ресейде – 46,4%-ды, Норвегияда – 48,7%-ды, Канадада 50,1%-ды құрайды. Сондықтан ең төменгі еңбекақыны көтеру керек», – деді Нұрымбетов.

Оның айтуынша Ұлттық экономика министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ең төменгі еңбекақы көлемін кезең-кезеңімен өсіру жолдарын қарастырып жатыр. 

«2023 жылға қарай Қазақстандағы ең төменгі еңбекақы сол кездегі  орташа еңбекақының 30 пайызынан төмен болмайтын нұсқасын қарастырып жатырмыз», – деп түйіндеді министр. 

Қазіргі кезде ең төменгі еңбекақы 42,5 мың теңгені құрайды.