Қазақстанда ең төменгі күнкөріс шегі өсуі мүмкін
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов үкіметте өткен баспасөз-жиынында ең төменгі күнкөріс шегін қайта қарастыру қажеттігі туралы айтты.
«Бізге, ең алдымен, күнкөрістің ең төменгі шегін қайта қарастыру керек. 2016 жылы Халықаралық еңбек ұйымы зерттеу жүргізіп, Қазақстанда ең төменгі күнкөріс шегін есептеу әдістемесі халықаралық стандарттарға сай деген қорытынды жасады. Бірақ та оның құрылымы мен мөлшерін қайта қарастыру қажет», – деді ол.
Министрлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің азық-түлік және азық-түлік емес бөлігінің ара қатынасын қайта қарастырып жатыр. Оның құрылымы 2018 жылы қайта қарастырылған еді. Себеттегі азық-түлік пен өзге тауарлардың ара қатынасы 60/40 пайыздан 55/45 пайыз болып өзгеріп, нәтижесінде, ең төменгі күнкөріс шегі 16 пайызға артқан.
Сонымен қатар, министр Халықаралық еңбек ұйымы азық-түлік себетіне кіретін өнім түрлерін көбейтуді ұсынатынын айтып өтті.
«Азық-түлік себеті соңғы рет 2006 жылы қайта қаралып, сол кезде себет құрамындағы өнім түрлері 20-дан 43-ке дейін көбейген. Бізде Халықаралық еңбек ұйымының 2016-2017 жылдарғы зерттеуі бар, онда себет құрамында өнім түрлерін 43-тен 51-ге арттыру туралы нақты ұсыныстар жазылған»,–деді министр.
2020 жылдың соңына қарай, Қазақстанда кедейлік шегі күнкөріс деңгейінің 70%-нан 100%-ға дейін артуы мүмкін.
«Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейіне бес әлеуметтік төлем байланған. Бұл: базалық зейнетақы, асыраушысынан айырылуы және мүгедектігі бойынша төленетін мемлекеттік жәрдемақы, мүгедек бала асырап отырған отбасына тағайындалатын жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек. Осы бес жәрдемақы бойынша төлемдердің жалпы сомасы жылына 1,3 трлн теңгені құрайды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша, біз кедейлік шегін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан 100%-ға дейін арттыру мәселесін қарастыруымыз керек»,– деп түйіндеді Нұрымбетов.
2020 жылы қаңтарда еліміздегі ең төменгі күнкөріс шегі 29 721 теңгені құрады.