Түркістан облысында ҰҚТ ақшаны ойынхана арқылы заңдастырып отырған
Өзбекстанмен шекаралас Мақтаарал және Жетісай аудандарында құмар ойындардың заңсыз бизнесін ұйымдастырумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың (ҰҚТ) әрекеттері әшкерленді. Бұл турасында ҚР Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі жөніндегі комитеті хабарлады.
ҚР Ұлттық ұланының арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің қолдауының арқасында жедел-тергеу тобы ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері бақылауға алған жеті мекемеде бір мезетте тінтулер жүргізді.
«Айналымға қылмыстық жолмен алынған ақша тартылып, олар кейіннен «СтавкаБет» букмекерлік кеңсесінің ресми желісі арқылы заңдастырылып отырған. ҰҚТ-ны ұйымдастырушының Шымкенттегі үйін тінту кезінде $7 млн және 7 млрд теңгені заңдастыру туралы жазбалар жасалған жұмыс блокноты табылып, тәркіленді», – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, сот ҰҚТ-ны ұйымдастырушының меншігіндегі Шымкенттегі және Түркістан облысындағы меншіктің 25 нысанын (тұрғын үйлер, мейрамханалар, букмекерлік кеңселердің ойын залдары, жер учаселері, автомобильденр) пайдалануға тыйым салды. Сонымен қатар, ҰҚТ-ның белсенді мүшелеріне тиесілі мүліктің 11 нысанын пайдалануға да шектеу қойылды.