Қазақстанда АӘК-ті алатындардың саны қысқарды
Атаулы әлеуметтік көмекті алушылар санының қысқаруы оны төлеудің жаңа механизімін енгізуге байланысты орын алып отыр. Бұл турасында ОКҚ-де өткен брифингете еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Жылқыбаев мәлім етті.
«Өткен жылдың қорытындылары бойынша, АӘК-ті 400 мыңнан астам отбасылар немесе 2,4 млн адам алған болатын. Ал осы жылдың басынан АӘК-ті алатындар санының қысқарғанын көріп отырмыз. Өйткені біз оны төлеудің механизмін өзгерттік (…). Біз қаңтардан жағдайға мониторинг жасап отырмыз, АӘК-ті алуға 100 мың отбасы өтініш берген», – деді ол.
Вице-министр АӘК-ті алушылардың көпшілігінің жұмысқа орналасып алғанын атап өтті, өйткені керісінше болған жағдайда, әлеуметтік төлемдерден айырылатынын біледі. Шендінің айтуынша, министрлік олардың жұмысқа орналасуына тікелей қатысып отыр.
«Қазіргі таңда бізде 38 мың бос жұмыс орны бар. Біз, негізінен, көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларын икемді кестесі бар жұмыспен қамтамасыз етеміз. Нәтижесінде, олар үйлерінде тапсырыстар қабылдайды немесе жарты күн жұмыс істейді, өйткені балаларға да көңіл бөлу қажет. Өткен жылы сегіз мыңға жуық осындай отбасыларын еңбекпен қамтыдық», – деді ол.
Естеріңізге салсақ, 2020 жылғы 1-қаңтардан еңбекке жарамды отбасы мүшелерінің жұмыс істеуі АӘК алудың міндетті шарты болып табылады. Ал егер олар ұсынылған жұмыстан бас тартатын болса, олардың отбасы жәрдемақы алу мүмкіндігінен айырылады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мұндай жауапкершілікті енгізуді көптеген еңбекке жарамды азаматтардың жәрдемақыға күн көріп, жұмыс істеуден бас тартатынымен түсіндірген болатын.