Қақтығыс аймақтарында әлі 100-ден аса отандасымыз жүр
Сирия, Ирак пен Ауғанстандағы қақтығыс аймақтарында 100-ден аса отандасымыз жүр деп мәлімдеді ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков.
«Қақтығыс аймақтарында, негізінен Сирия, Ирак пен Ауғанстанда 36 ер кісі мен 80 әйел қалып отыр, қанша бала бар екенін нақты айта алмаймын»,– деді Білісбеков Сенат отырысының кулуарында.
Нұрғали Білісбеков сонымен қатар «Жусан» операциясының барлық кезеңдері аяқталғанын, операция барысында Сириядағы соғыс ошақтарынан еліміздің 524 азаматы, соның ішінде 357 баланың елге қайтарылғанын айтып өтті. Қазақстандықтар алдымен Иракқа әкелініп, сол жерден отанына жеткізілген.
ҰҚК өкілінің айтуынша, қақтығыс аймақтарында қалған өзге азаматтар туралы толық ақпарат болмағандықтан, бұл операцияны жалғастыру жоспарда жоқ.
«Әлі де қақтығыс аймағында жүрген қазақстандықтарға қатысты дайындық жұмысы жүріп жатыр»,–деді Білісбеков.
«Жусан» операциясы барысында елге қайтқысы келген барлық қазақстандықтар қақтығыс аймағынан шығарылған. Олардың арасында қарулы қақтығысқа қатысқандары да бар. Шиеленіс нүктесінен шығарылған 41 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылған.