Ресурстар

Тұтынушылар шағымын қабылдайтын жаңа жүйе құрылуы мүмкін

Ол үш деңгейден тұрады

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев елімізде тұтынушылардың шағымын қабылдайтын үш деңгейлі жүйе құруды ұсынды. Бұл ұсынысты вице-министр «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру барысында айтып өтті. 

«Бірінші кезеңде тұтынушы шағымын міндетті түрде сатушы қарастыруы тиіс. Ол үшін 10 күн мерзім беріледі. Сонымен қатар, сауда орындарында құзырлы органдар мен істі сотқа дейін реттейтін институттардың барлық байланыс ақпараты жазылуы міндеттеледі», – деді ол.  

Егер кәсіпкерлер тұтынушы шағымын қараусыз қалдырса, оны құқықтық жауапкершілікке тарту мүмкіндігі қарастырылған. 

«Ал екінші кезеңде шағым сотқа дейін реттеу институтына немесе құзырлы органға түседі. Бұл ретте заң жобасында шағымды қарастыру мерзімі мен тәртібі нақтыланған», – деді Төребаев.
 
Істі сотқа жеткізбей шешуді ынталандыру үшін заң жобасында дау сотқа дейінгі институтта шешімін тапса, кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершіліктен босату қарастырылған. Ал үшінші деңгейде істі сот қарастыратын болады. Вице-министрдің айтуынша заң жобасы күшіне енсе, дау-дамайдың басым бөлігі шағымды сатушының қарастыру кезеңінде-ақ шешіледі. 

Сауда және интеграция министрлігі ұсынған статистикаға сүйенсек, сауалнамаға қатысқан тұтынушылардың 48 пайызы соттың әділ өтетініне сенбейді. Тұтынушылардың тек 16 пайызы тауар құны жоғары болса ғана, өз құқығын сотта қорғауға әзір.