Қордайдағы қақтығыс шығынын өтеуге үкімет резервінен қаржы бөлінеді
Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы қақтығыстан келген шығын көлемі, оның кімге және қандай мөлшерде өтелетіні үкіметтік комиссия жұмысын аяқтаған соң белгілі болады, деді журналистерге Қаржы министрі Әлихан Смайылов.
Министр төтенше жағдайға қарастырылған арнайы қаражат үкіметте де, жергілікті бюджетте де бар екенін айтып өтті. Қажетті қаржы осы қордан бөлінбек.
«Ең алдымен үкіметтік комиссия жұмысын аяқтауы тиіс. Бүгін-ертең ол жұмысын бітіреді, соның нәтижесі бойынша келген шығын көлемі қанша, қай резервтен ақша бөлу туралы шешім қабылданатын болады. Тек мемлекеттік бюджет ғана емес, сол жақта орналасқан мемлекеттік мекемелер есебінен де қарастырылады», – деді ол.
Сонымен қатар қайтыс болғандардың отбасына өтемақы төлеу мәселесін де үкіметтік комиссия шешетінін, қираған үйлерді қалпына келтіру және басқа да шығындарды өтеу бойынша жоспар әзірленетінін айтты.