Қордайдағы қақтығыс: 25-тен аса қылмыстық іс қозғалды
Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов Жамбыл облысы, Қордай ауданында болған қақтығысқа байланысты қозғалған қылмыстық істің саны 25-тен асатынын мәлімдеді.
«Қылмыстық істерді тергеуге қатысты айсақ, қазіргі уақытта Жамбыл облысы полиция департаментінің аумақтық бөлімшелері Қылмыстық кодекстің бірнеше баптары бойынша 25-тен аса қылмыстық іс қозғады. Оның ішінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру және оған қатысуға шақыру бар. Бұзақылық фактілері бойынша – 6, өзгенің мүлкіне зиян келтіру туралы үш қылмыстық іс, кісі өлімі бойынша 10 қылмыстық іс және және тағы екі іс адам өміріне қастандық жасауға қатысты қозғалды», – деді ІІМ өкілі.
Дегенмен Әділов сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқандықтан, нақты қанша адамның үстінен қылмыстық іс қолғалғанын ашып айтпады.
«Қазіргі уақытта ІІМ ведомствоаралық жедел-тергеу тобы мен Бас прокуратура сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. (…). Күдіктілердің бірқатары ұсталғанын растаймын. Оларды қамауға алу туралы өтінішті прокуратура қолдап, Жамбыл облысы сотының санкциясымен олар қамауға алынды», – деп түйіндеді Санжар Әділов.