Ресурстар

Қордайдағы қақтығыс: 25-тен аса қылмыстық іс қозғалды

Күдіктілердің нақты саны ашық айтылмады

Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов Жамбыл облысы, Қордай ауданында болған қақтығысқа байланысты қозғалған қылмыстық істің саны 25-тен асатынын мәлімдеді. 

«Қылмыстық істерді тергеуге қатысты айсақ, қазіргі уақытта Жамбыл облысы полиция департаментінің аумақтық бөлімшелері Қылмыстық кодекстің бірнеше баптары бойынша 25-тен аса қылмыстық іс қозғады. Оның ішінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру және оған қатысуға шақыру бар. Бұзақылық фактілері бойынша – 6, өзгенің мүлкіне зиян келтіру туралы үш қылмыстық іс, кісі өлімі бойынша 10 қылмыстық іс және және тағы екі іс адам өміріне қастандық жасауға қатысты қозғалды», – деді ІІМ өкілі. 

Дегенмен Әділов сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқандықтан,  нақты қанша адамның үстінен қылмыстық іс қолғалғанын ашып айтпады.

«Қазіргі уақытта ІІМ ведомствоаралық жедел-тергеу тобы мен Бас прокуратура сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. (…). Күдіктілердің бірқатары ұсталғанын растаймын. Оларды қамауға алу туралы өтінішті прокуратура қолдап,  Жамбыл облысы сотының санкциясымен олар қамауға алынды», – деп түйіндеді  Санжар Әділов.