Бас прокуратура Қордайдағы қақтығысқа қатысты үндеу жасады
Қазақстанның Бас прокуратурасы 7 ақпан күні Жамбыл облысының Қордай ауданында болған қақтығысқа қатысты үндеу жариялады. Өйткені «жекелеген тұлғалар болған оқиғаларды бұрмалай отырып, ұлттық негіздегі құқыққа қарсы әрекеттерге шақыру арқылы көрінеу жалған ақпаратты қасақана таратуда».
Құқық қорғау органдары осындай арандатушылық жарияланымдардың авторларының жеке басын анықтады, олар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Атап айтқанда, Алматы қаласында 1990 және 1987 жылдары туылған екі азамат «Facebook» әлеуметтік желісінде зорлық-зомбылық жасауға шақырған.
2020 жылдың 9 ақпанында Тараз қаласының 1983 жылы туылған тұрғыны «WhatsApp» мессенджері арқылы осы тектес шақырулар таратқан.
«Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 272-бабының 3-бөлігі (азаматтарды зорлық-зомбылыққа шақыру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 39-бабы ұлтаралық келісімді бұзатын кез келген іс-әрекеттерге тыйым салады. Осы талапты бұзу ұлттық араздықты және алауыздықты қоздыру жөніндегі қасақана іс-әрекеттер (ҚК-тің 174-бабы), жаппай тәртiпсiздiкке не азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақыру (ҚК-тің 272-бабы) және көрінеу жалған ақпарат тарату (ҚК-тің 274-бабы) қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады»,– делінген хабарламада.
Осыған байланысты Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев тұрғындарды шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға және арандатушылыққа жол бермеуге шақырды.
«Жамбыл облысының Қордай ауданындағы оқиғалар бойынша тергеу барысы мен нәтижелері туралы шынайы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында, ішкі істер және прокуратура органдарының ресми Интернет-ресурстарында орналастырылуда, қоғамға брифингтерде жеткізілуде», – делінген хабарламада.